Жыр қайда баяғыдай төгілетін

Өзім туралы

(Мұқағали Мақатаевқа) Жыр қайда баяғыдай төгілетін?! Жымдасып, мың өрім боп өрілетін. Әй, Мұқа, сіздер бар ең алдымызда...

(Мұқағали Мақатаевқа)

Жыр қайда баяғыдай төгілетін?!
Жымдасып, мың өрім боп өрілетін.
Әй, Мұқа, сіздер бар ең алдымызда,
Айбарлы Алатаудай көрінетін.

Сөз қайда кесіп түсер алдаспандай?!
Мән кетіп, одандағы нәр қашқандай.
Сіздер жоқ, заман басқа, адам басқа,
Көрінер тек тіршілік жалғасқандай.

Күн қайда сырахана жағалаған?!
Інілер ізіңе еріп, ағалаған.
Ақпейіл аға қайда қамқор болып,
Өлеңді өздеріңдей бағалаған.
Естілмес жуан дауыс гүрілдеген,
Жетімнің күйін кешкен бүгінде өлең.
Нәмәрттар не десең де сөзге тұрмас,
Айт, айтпа, ақын көзге ілінбеген.

Кемел жыр тудырсаң да кереметтей,
Қалып тұр сөзің жетпей, өлең өтпей.
Шала мас, шолақ ойлам байшыкештер,
Ақшадан басқаны жүр керек етпей.

Бар қиял қарын менен қалтаға ауған,
Бас қатқан жауабы жоқ сан сауалдан.
Бағыңды қызғанатын бақылдар көп,
Барыңды қашпайтұғын балталаудан.

Бүгінде ірі ғой деп кімге ересің,
Көп мәңгүрт сөз қадірін білмегесін.
Барлығы сату-сауда бұл заманда,
Жаныңды жалдап жүріп күн көресің.

Көтерген ауыр жүкті нар секілді,
Қасиет өздеріңде бар секілді.
Сіздерсіз алшаң басып жүретұғын,
Көшесі Алматының тар секілді.

Ақынға тірлік теріс бетін берер,
Ұсайды жаны жүдеу жетімге өнер.
Жайсаңдар жүрмеген соң алдымызда,
Өмір де өмір емес секілденер.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өзім туралы
Күні 31.05.2026