Жарыма

Махаббат туралы

Бұл өмірде сен барыңды білмедім, Білмегенім-сенсіз өмір сүргенім. Бақытты күн жолықтым да, біргемін, Содан бері мен көрк...

Бұл өмірде сен барыңды білмедім,
Білмегенім-сенсіз өмір сүргенім.
Бақытты күн жолықтым да, біргемін,
Содан бері мен көркейдім, гүлдедім.

Сен әкелдің той-мереке, ән-жырды,
Сен келдің де тірлігіме сән кірді.
Мен қалайша бөлемейін алғысқа,
Маған сені жолықтырған тағдырды.

Көп ұзамай ортамызға бөбек кеп,
Кетті бізді қуаныштар өбектеп.
Қазір бірміз жалғыз тірлік секілді,
Кім айтады бұрын бізді бөлек деп.

Басыма бақ, қосыма құт өзіңсің,
Өмірдегі ең қымбатты кезімсің.
Күліп жүр тек мен бақытты екенім,
Дұшпаным да, достарым да сезінсін.

Бұл өмірде махаббаттан мықты не,
Соны жаным жарың қазір ұқты де.
Енді сенсіз өмір сүру мүмкін бе?
Түсінбеймін, түсінбеймін тіпті де.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Махаббат туралы
Күні 31.05.2026