Жаратқан Жаппар Аллам

Өмір туралы

Жан берген Жаратқаным, жаппар Аллам, Күнәһар өзіңді есте сақтамаған. Құлыңмын, Алһамдулулла мұсылманмын, Кәлима шаһадатт...

Жан берген Жаратқаным, жаппар Аллам,
Күнәһар өзіңді есте сақтамаған.
Құлыңмын,
Алһамдулулла мұсылманмын,
Кәлима шаһадатты жаттап алған.

Табылып қысылғанда жанымыздан,
Тайдырма табымыздан, бабамыздан.
Кеше көр білмей қалып пенделікпен,
Шығарып алсақ кейде жадымыздан.


Кеудемнен суырып жан-серігімді,
Басасың бір күні анық желігімді.
Өзіңнің мейіріміңе үміт артам,
Сөндірме үмітімді, сенімімді.

Тарадық Адамата – ұлы абыздан,
Өзіңсің бойыма қан – нұр ағызған.
Алғанда есебімді мол қыла көр,
Жасаған сауабымды күнәмыздан.

Күнәм көп, атым пенде атанғанмын,
Көргенде қылығымды қаһарландың.
Жаныңа жақын барған сәтімде сол,
Жабық қыл бар қақпасын жаһаннамның.

Білемін қиындығын сұрағыңның,
Шуағын молдау етіп шырағыңның,
Алдыңа келгенімде кешіріммен,
Аша көр бар қақпасын жұмағыңның.

Салғырттық жанымызға жау негізгі,
Шаша көр шапағатты сәулеңізді.
Толтырып иман-нұрға кеудемізді,
Қабыл қыл еткен барлық тәубемізді.

Жаратқан, жар бола көр жаппар Аллам,
Жасаған ғибадатпен мақтана алман.
Өзіңсіз екі дүниеде бақ таба алман,
Мақсатқа жеткізе көр, Хақтағалам.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026