Гүл көктем

Өмір туралы

Қыр да гүл, Белдер де гүл, Аула да гүл, Көкорай шалғын шыққан тауға да бұл. Көңіл мас, Көре тұрып көзің тоймас, Көк шөпк...

Қыр да гүл,
Белдер де гүл,
Аула да гүл,
Көкорай шалғын шыққан тауға да бұл.
Көңіл мас,
Көре тұрып көзің тоймас,
Көк шөпке көктемдегі ауна да күл.

Қарашы, неткен жылу,
Неткен шуақ!
Жүруші ек көптен аңсап, көптен сұрап.
Өзі де жетіп келді көктем, шырақ,
Жүргенде жерден тілеп, көктен сұрап.

Қонақтап көңілге күй, санаңда жаз,
Түп-түгел жан-жануар, адам да мәз.
Өтеді сұлу біткен гүл құшықтап,
Көбейіп кеткендей ме оларда наз?!

Төгіліп оқтын-оқтын нөсері де,
Ұқсамас бүгінгі күн кешегіге.
Тойған соң төлі бар мал жата кетер,
Жамбастап жасыл белес төсегіне.

Бусанып, буы шығып жатса дала,
Жайқалып сән кірген бау-бақшаға да.
Ата-ана кәдімгідей мәз болады,
Тай мініп, қыр бетінде шапса бала.

Аспанға іліп қойып Ай-шараны,
Еседі жанды желпіп жәй самалы.
Қуанып, көңіл шіркін көкті тірер,
Қуалап су барады сай-саланы.

Ойпыр-ай, қырда да гүл,
Ойда да гүл!
Лек-лек боп оралып тұр ойға да жыр.
Селт етпей сезім шіркін қалай шыдар,
Жастық шақ, көктемің ғой ойна да күл.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026