Жаңа жыл

Өмір туралы

Ақ ұлпа қар жауады аспанымнан, Шат күлкі ән естимін достарымнан. Соқ сағат, Кел жаңа жыл, Төріме шық, Көрейін кереметіңд...

Ақ ұлпа қар жауады аспанымнан,
Шат күлкі ән естимін достарымнан.
Соқ сағат,
Кел жаңа жыл,
Төріме шық,
Көрейін кереметіңді бастауыңнан.

Әр үйге көшіп, қонған аршалы орман,
Сезілер шаттық исі аршалардан.
Бақытын тосатұғын аңсап алдан,
Жолыңа көз тігіп жүр қаншама арман.
Кел, жылым!
Кереметті Жыл-ерім кел!
Бер бүгін бар адамның тілегін бер.
Махаббат бер, от жалын он сегізге,
Қозы менен Баяндардың жүрегін бер!

Дән әкел мынау дархан далаларға,
Ән әпер адал-аңқау балаларға.
Жарқын жыл саған жетер баға бар ма?
Бал татыр күндеріңді маған арна.

Көк арша көркейе түс, көгере бер,
Көбейсін немерелер, шөберелер.
Кел бүгін төріме шық келісті жыл,
Той-думан шаттығыңа кенеле кел.

Көңілден көтерілсін көгершін жыр,
Ақ тілек, аппақ қар боп себілсін нұр.
Шарасыз көздің жасы төгілмесін,
Шарадан шарап асып төгілсін кіл.


Білімнің бұлағынан қайнар алған,
Адамзат ғарышқа ұшып, айға барған.
Бәрібір мұраттар көп ойда қалған,
Қалмастан орындалсын қайран арман.

Кел, жылым, думандатып есікке еніп,
Қуантшы аналарды бесік беріп.
Өрен жыл, өн бойыңда өлең жүрсін,
Жылаған әйел даусын есітпелік.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026