Зар заман

Өмір туралы

Ақыл ақшаға бағынған, Ақын билікке жағынған, Сан жұрт саудада сабылған, Имам иманнан жаңылған. Пара өрісін кеңіткен, Жа...

Ақыл ақшаға бағынған,
Ақын билікке жағынған,
Сан жұрт саудада сабылған,
Имам иманнан жаңылған.

Пара өрісін кеңіткен,
Жастар желпілдеп, желіккен,
Ессіз батысқа еллікен,
Есер есірткіге еліткен.

Шарап сусынға саналған,
Жалған қисынға саналған,
Жарлы күнкөріс іздеген,
Байлар пайда деп жаланған.

Ардың қанаты қайрылған,
Ару ұяттан айрылған,
Ерің беделден айрылған,
Елің бірлікті қайғырған.
Әділет белден бүгілген,
Басың бәйгеге тігілген,
Күшті қаруға жүгінген,
Әлсіз өмірден түңілген.

Дүние шоуға айналған,
Дүркіреп дауға айналған,
Қулар құрығын ұзартып,
Адал жауға айналған.

Тірлік тіліңді байлаған,
Сайқал саясат сайраған,
Үміт үзіліп кетпегенмен,
Үрей әлемді жайлаған.

Арсыз аңқауды арбаған,
Тоқ та тағдырды қарғаған,
Бай да, жарлы да зарлаған,
Неткен парықсыз зар заман.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026