Тілім ғана қышиды

Ұлттық құндылықтар

Балалық шын бақ екен, Бар қызығы тақ екен. Байқамаппыз бағасын, Қайта келмес шақ екен. Жастық өрге сүйретті, Өмірімді к...

Балалық шын бақ екен,
Бар қызығы тақ екен.
Байқамаппыз бағасын,
Қайта келмес шақ екен.

Жастық өрге сүйретті,
Өмірімді күйлі етті.
Ол да өтті, күй кетті,
Отыз тісті сиретті.

Шығатұғын саятқа,
Баяғы күн қаяқта.
Қырау түсті шашыма,
Шідер түсті аяққа.


Кернеген кеп көмейді,
Ойдың өзі өгей-ді.
Сырластар да кемейді,
Сырқаттар да көбейді.

Көзге мұнар қонғаны,
Қан қойылып, тоңдады.
Көнбейтұғын көкжал ем,
Көнбесіңе болмады.

Сиреп қалған қатарым,
Аз жүріп, көп жатамын.
Ісімнен де бүгінде,
Сыйлы сынды сақалым.

Тындыра алмай іс игі,
Ішім күйіп, ысиды.
Әлденені айтсай деп,
Тілім ғана қышиды.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ұлттық құндылықтар
Күні 31.05.2026