Ойлан, қазақ!

Ұлттық құндылықтар

Біз қазақпыз – Ежелден-ақ ер елміз, Тарихы бай, текті жұртпыз, тереңбіз. Мақтанарлық жөніміз бар бір жақтан, Көп халықта...

Біз қазақпыз –
Ежелден-ақ ер елміз,
Тарихы бай, текті жұртпыз, тереңбіз.
Мақтанарлық жөніміз бар бір жақтан,
Көп халықтан еңселіміз, еренбіз.

Елімізде егемендік бары шын,
Түсінгенге терең мұның мәні тым.
Еріктіміз,
Тәуелсізбіз,
Еркінбіз,
Бұзып шықтық бодандықтың қамытын.


Бейбітшілік берік болса ал енді,
Бөтен демей бауыр көрдік бар елді.
Ынтымақпен,
Іскерлікпен,
Байлықпен,
Қалайда біз мойындаттық әлемді.

Рет те жоқ төмен болар, аз болар,
Жеріміз кең,
Көліміз бар қаз қонар.
Алтын да бар,
Мұнай да бар,
Газ да бар,
Бұл жағынан жөніміз бар мәз болар.

Жылдан жылға жетудеміз табысқа,
Басқа түгіл болмақшымыз Барыс та.
Елу елдің,
Елу нағыз мықты елдің,
Бірі болар күн де бізге алыс па?!

Біз қазақпыз –
Еріктіміз,
Ер елміз.
Кеңпейілміз,
Кей жақтардан кемелміз.
Кемшілік те жетіп жатыр бірақ та,
Өзімізге көз жүгіртсек терең біз.

Солай, жаңа заман келді шын күткен,
Күніміз тек күнде шапқын дүрліккен.
Байлық бар да,
Бәтуа аз,
Бірлік кем,
Сондықтан да көңілге аздап мұң біткен.

Керемет деп мақтағанмен құр жалаң,
Бір жақсымен қатар жүр-ау бір жаман.
Ақыл азған,
Ақша озған,
Ар тозған,
Жүйке қозған қиын заман бұл заман.

Дабыра көп, даусыз жиын тарқамас,
Бастың қамы сондағы бұл бар талас.
Таққа талас,
Атқа талас,
Жанталас,
Бас-басына би боп кеткен алты алаш.

Тыңдамас жұрт ардың сөзін жырласаң,
Қыз да қыңыр, ұяты кем ұл масаң.
Діндер-ақ көп,
Діл де ала,
Тіл – қасаң,
Қынжыламыз оңалар деп бұл қашан.


Аңқау халық жалқаулықпен жатамыз,
Басымыздан асып кетті қатамыз.
Жау жоқ қазір,
Қолдан жасап жоқ жауды,
Бірімізді біріміз кеп атамыз.

Бай мен жарлы іргені аулақ тастауда,
Биліктілер өз қамынан аспауда.
Күні – сауда,
Ісі дауда,
Бас – қауға,
Жанымызды жаһандану жасқауда.

Бейбіт күнде бәріміз де батырмыз,
Бүйте берсек бүлдіреміз ақыр біз.
Қырттар жеңген,
Мәрттік өлген,
Нәмәрт көп,
Осылайша өмір сүріп жатырмыз.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ұлттық құндылықтар
Күні 31.05.2026