Сәлем беру кемдік емес

Ұлттық құндылықтар

Жаман жігіт емес ең жаман дердей, Танытуға адамдық шамаң келмей. Менсінбеген түрменен көрген жерде, Өте шықтың өзіңше сә...

Жаман жігіт емес ең жаман дердей,
Танытуға адамдық шамаң келмей.
Менсінбеген түрменен көрген жерде,
Өте шықтың өзіңше сәлем бермей.

Мал бітті деп менменсір пенде тегі,
Еліктейсің соларға сен де тегі.
Тым болмаса ағаңның көңілі үшін,
Сәлем бере салғанда нең кетеді.

Тұмсығыңды көтеру ерлік емес,
Менменсіну қашаннан белгілі елес.
Көрген жерде «көке» деп кішірейіп,
Сәлем беру жігітке кемдік емес.

Маңғаздану білінер жүрісіңде,
Өзіңді өзің құр бекер ірісінбе.
Кім болғанмен бір-ақ жер барар жерің,
Көп пенденің әйтеуір бірісің де.

Ақылыңа санаңды күзеттіріп,
Қатең болса жүрген жөн түзеттіріп.
Кім болсаң да түк те жоқ онда тұрған,
Ең бастысы өмірде ізеттілік.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ұлттық құндылықтар
Күні 31.05.2026