Таразым – тағдырым

Отан туралы

Талас боп баста танылған, Бір көрген адам сағынған, Алыстан қолын бұлғайды, Алатау ақ қар жамылған. Құшағы нұрлы, шуақт...

Талас боп баста танылған,
Бір көрген адам сағынған,
Алыстан қолын бұлғайды,
Алатау ақ қар жамылған.

Құшағы нұрлы, шуақты,
Құятын бойға қуатты.
Жібектің жолы ежелден,
Шығыстың кілті сияқты.

Тарихтың көне көзіндей,
Бабамның нақыл сөзіндей,
Ардақтап өтер аяулым,
Анамның нағыз өзіндей.

Әр тасы арқау жырға да,
Тамыры терең бұл қала.
Жиырма ғасыр куәсі,
Өн бойы жұмбақ сыр қала.

Бауыры бақыт, ырыс құт,
Байлығы – достық, туыстық.
Жабырқай қалсам жаныма,
Шапағат шашар тым ыстық.

Өзіңмен бірге тағдырым,
Өзіңмен бірге әр күнім.
Жасай бер, жаса Таразым!
Әулиеата, Жамбылым!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026