Шекпеймін, арақты да көп ішпеймін,

Өмір туралы

Шекпеймін, арақты да көп ішпеймін, Халқыма не ұнаса соны істеймін. Мен жайлы сондадағы пікір-ақ көп, Солардың бірімен де...

Шекпеймін, арақты да көп ішпеймін,
Халқыма не ұнаса соны істеймін.
Мен жайлы сондадағы пікір-ақ көп,
Солардың бірімен де келіспеймін.

Айтқанмен жүз жақсымды, мың мінімді,
Білмейді бірі де анық кімдігімді.
Тыңдамай ешкімді де сайран салып,
Сайратқым келіп тұрар бұлбұлымды.

Өзгеше елден ерек сезімталмын,
Өмірдің тереңіне көзім салдым.
Ұқпаса кінәлаймын жұртты қалай,
Өзге емес кейде өзіме өзім таңмын!

Беріп жүр сырттан көріп бағамды ел тек,
Жігітпін сыртым жуас, ішім тентек.
Сақтадым көп сырымды бойда бүгіп,
Шығарсам жіберер деп біреуді өртеп.

Білгенге ділім жұмсақ, тінім мықты,
Алдымнан айым күліп, күнім шықты.
Өмірден көре-көре көресімді,
Амал жоқ өз-өзінен тілім шықты.

Кезі жоқ ой-санамды дамылдатқан,
Жүрегім кеудемдегі дабыл қаққан.
Өртеген тиген жерін от сезімім,
Лавамын мен де өзімше жанып жатқан.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026