Несібеңді татып көр деп не түрлі,

Өмір туралы

Несібеңді татып көр деп не түрлі, Өмір сыйлап, бақыт берген секілді. Тәңір сонда өмірің деп бұл бізді, Сынау үшін уақыт ...

Несібеңді татып көр деп не түрлі,
Өмір сыйлап, бақыт берген секілді.
Тәңір сонда өмірің деп бұл бізді,
Сынау үшін уақыт берген секілді.

Тағдыр сірә бөтен көрген секілді,
Бал сұрасақ шекер берген секілді.
Өз орныңды таппаған соң не пайда,
Бұл жалғанға бекер келген секілді.

Елес қуып, өмір өткен секілді,
Азы қалып, көбі кеткен секілді.
Қиюы да қиюласпай тірліктің,
Ажары азып, өңі кеткен секілді.

Бостан босқа күнім өткен секілді,
Сырым түгіл сыным кеткен секілді.
Тіршілікте тынбаған соң ештеңе,
Бағам кеміп, құным кеткен секілді.

Айтылмай көп сөзім кеткен секілді,
Бойдан шыдам, төзім кеткен секілді.
Шынын айтсам не болады ақыры,
Оған анық көзім жеткен секілді.

Озып алға көшім кеткен секілді,
Содан көңіл-қошым кеткен секілді.
Қаламды алып, үңілемін қағазға,
Өлең-жырда өшім кеткен секілді.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026