Сенің туған далаңда

Отан туралы

Сенің туған далаңнан сақ тараған, Оған сенім, күш берген хақ тағалам. Туған елін сақтаған жаттан аман, Сол бабалар арқыл...

Сенің туған далаңнан сақ тараған,
Оған сенім, күш берген хақ тағалам.
Туған елін сақтаған жаттан аман,
Сол бабалар арқылы бақ қараған.


Сол далада Ғұн туған, Оғыз туған,
Байтақ жерді мекендеп, қоныс қылған.
Осы елде жасаған Қорқыт атаң,
Қолында оның қылыш пен қобыз тұрған.

Сол далада түбі бір Түрік туған,
Дұшпандарын жерінен түріп қуған.
Даналыққа өн бойы тұнып тұрған,
Көп халықтан еңсесі биік тұрған.

Сенің туған далаңнан Алтын адам,
Жан жүрегі жалындап жарқыраған.
Сан ойраннан сақтаған халқын аман,
Алтын адам болыпты жалпы бабаң.

Сенің туған далаңда Қазақ туған,
Болғанымен ғұмыры азап тұнған.
Кең даласын қорғаған дұшпанынан,
Басын имей ер Қазақ азат тұрған.

Кеңістікті қазағым ен жайлаған,
Есе бермей ерлікке бел байлаған.
Асанғайғы шарлаған бұл даланы,
Қоныс іздеп сол бабам елді ойлаған.

Сол далада Махамбет, Абай туған,
Аталы сөз салтанат сарай құрған.
Пейілінде махаббат, арай тұнған,
Туған мұнда бір емес, талай тұлғаң.

Сол даладан Абылай, Кенесары,
Елдік үшін бікен жоқ егес әлі.
Көрініп тұр жаңылсақ жұтамын деп,
Жаһандану дегеннің төбесі әні.

Сенің туған далаңда мен туғанмын,
Кең даламнан болмысы кең тұлғамның.
Бірге өсіп келесің туған елмен,
Нағыз бақыт мен үшін сен туғаның.

Бұл далаға сан ұрпақ келіп кеткен,
Кең мекенді кеңейтіп беріп кеткен.
Соның бәрі ата жұрт, сана-салтты,
Ұрпақтарым сақтар деп сеніп кеткен.

Бабаң сенің көнбеген құлдығыңа,
Дәл осылай тарихтың шындығы да.
Аман сақтай алмасақ қырды мына,
Аман сақтай алмасақ тілді мына,
Барып тұрған нұс, балам, ұлдығыңа.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026