Бәйтерегім – бақытым

Отан туралы

Байтақ қазақ елінде, Сарыарқаның өрінде, Ата-бабам жерінде, Астананың төрінде, Бәйтерегім бой тіктеп, бақытымды танытқан...

Байтақ қазақ елінде, Сарыарқаның өрінде,
Ата-бабам жерінде, Астананың төрінде,
Бәйтерегім бой тіктеп, бақытымды танытқан,
Қуат сыйлап көңілге, шуақ сыйлап өмірге.

Тәуелсіздік ту тігіп, орындалған сан арман,
Арқадан сап астана елім түлеп жаңарған.
Өссе дейтін өркенім қазақ үшін қашан да,
Мәуелі алып бәйтерек қасиетті саналған.

Орнатылған тұғырға шапағатты жер шары,
Талайлардың көрсем деп ауады оған аңсары.
Қолды қойсаң шырқатар көңіліңнің әуенін,
Елбасының қолтаңба – алақаны, саусағы.

Айнала сән-салтанат, жайнап гүлін ашқан бақ,
Барсаң онда кетерсің көтеріліп, аспандап.
Берекесі тасыған, бақыт құшқан, егемен,
Бәйтерегі еңселі елім неден жасқанбақ.

Бастан кешкен өмірде қилы заман не түрлі,
Мақсат тұтқан ертеңге Барыс болып жетуді,
Мықтылықпен бүгінде мойындатқан жер жүзін,
Бәйтерегім қазақтың мәртебесі секілді.

Шуақ шашқан жарқырап ұрпақ үшін ұлы күн,
Мызғымастай мәңгілік берік соққан тұғырын,
Танытатын әлемге қазақ елі ұғымын,
Бәйтерегім – бақытым, ұзақ болсын ғұмырың.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026