Сендерде қандай арман бар?

Өмір туралы

Анадан асыл туғандар, Албыртып арман қуғандар, Халқының қамы жолында, Белдерін бекем буғандар. Өмірден орын тапқандар, ...

Анадан асыл туғандар,
Албыртып арман қуғандар,
Халқының қамы жолында,
Белдерін бекем буғандар.

Өмірден орын тапқандар,
Көңілдің отын жаққандар,
Маңдайдан терін төккендер,
Кеудеге орден таққандар.

Тартыста топты жарғандар,
Тартынбай шапқан тарландар.
Ата-салт, ана тілімді,
Аман-сау сақтап қалғандар.

Жеңе алмас жерде жеңгендер,
Ертеңгі күнге сенгендер,
Еліне барын бергендер,
Егемендікті көргендер.

Жалындап жанған жас болған,
Серілік құрған, мас болған,
Жақсыны көрсе дос болған,
Жаманға жаны қас болған.

Қарадан туып, хан болған,
Айырдан туып, нар болған,
Ақсақал ата, шал болған,
Жаратқан Алла жар болған.

Елім деп туып, ер болған,
Төремен төрде тең болған,
Ұрпағы өсіп бүгінде,
Бір қауым өзі ел болған.

Көгінде ашық аспан бар,
Құрмет пен бақыт бастан бар,
Сендерде қандай арман бар?
Сексеннен аман асқандар.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026