Сексендегі шалдың сыры

Өмір туралы

Еңсесі биік ер едім, Келісті едім, кең едім. Сенерім, өмір, сен едің, Селтеңдеп жүрген сері едім. Көп еді алар, берерім...

Еңсесі биік ер едім,
Келісті едім, кең едім.
Сенерім, өмір, сен едің,
Селтеңдеп жүрген сері едім.

Көп еді алар, берерім,
Бітіремін түгел деп едім.
Сексеннен астым түк бітпей,
Сүйрелеп жүріп келемін.
Балалық кетті, бал қалды,
Шалқыған шақтан шаң қалды.
Еңкейген міне шал қалды,
Осыған көңіл таң қалды.

Жылдарым кетті, жыр қалды,
Сымбатым кетті, сын қалды.
Түгендеп қоям қатарды,
Кімдері кетті, кім қалды?

Бұлттары кетті, тау қалды,
Билерім кетті, дау қалды.
Жақсылар кетті қайтпасқа,
Жамандар аман, сау қалды.

Даналар кетті, көз қалды,
Артында асыл сөз қалды.
Ірілер кетті, із қалды,
Асылдар кетті, бөз қалды.

Мықтылар кетті, мұң қалды,
Мырзалар кетті, құл қалды.
Бізге де кезек бір келер,
Білмеймін қанша күн қалды?

Жастығым кетті, жел қалды,
Бойда да қуат кем қалды.
Аз ғана қатар, тең қалды,
Қимайтын өмір, нем қалды?
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026