Сәлем айт бізден Тамдыға

Отан туралы

Шырағым жанған Тамдыда, Құмарым қанған Тамдыда, Тұмарым қалған Тамдыда, Бұла күн қалған Тамдыда. Түсіме түнде кірді ол, ...

Шырағым жанған Тамдыда,
Құмарым қанған Тамдыда,
Тұмарым қалған Тамдыда,
Бұла күн қалған Тамдыда.
Түсіме түнде кірді ол,
Есіне біреу алды ма?

Жастығым қалған Тауелі,
Шаттығым болған Тауелі,
Бақыттың байтақ мекені,
Бауыры бақша, бау еді,
Құлақтан кетпес достармен,
Шырқаған әннің әуені.

Қызуы қандай құмының?!
Қызықпен өткен ғұмырым.
Ұнатып көркін, қылығын,
Жар еткен едім сұлуын.
Ай мүсін ару Ақтауды,
Сағынып жүрген ұлымын.

Жетісу – жердің жұмағы,
Береке, бақыт тұрағы.
Қызуы күшті Қызылқұм,
Сағынтып бірақ жүр әлі.
Басылмай жүрген құмары,
Көңілім қайтсем тынады?!

Сағыныш хатым барды ма?
Жабырқай берер жан мына.
Түсіме кірді тағы да,
Есіне біреу алды ма?
Сапардың сәті түспей жүр,
Сәлем айт бізден Тамдыға.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026