Байзақ жері – бақыт төрі

Отан туралы

Белгілі бар қазаққа ерлерімен, Жел есер гүл көмкерген белдерінен. Береке, байлық тұнған өңір мынау, Май шығар түгін тарт...

Белгілі бар қазаққа ерлерімен,
Жел есер гүл көмкерген белдерінен.
Береке, байлық тұнған өңір мынау,
Май шығар түгін тартсаң жерлерінен.

Су ағып толқындана Таласынан,
Дархандық сезіледі даласынан.
Бағзыдан бабаларым қоныс тепкен,
Алатау, Қаратаудың арасынан.

Жүрекпен жалғағандай жүрек жолын,
Жағалай мекен еткен Жібек жолын.
Бірге өсіп, қалың елі қазағымен,
Күн кешер ынтымағын тілеп соның.

Танымал табысымен, жеңісімен,
Өсірген баубақшасы, жемісімен.
Ағылып астық құйған егісінен,
Мыңғырып мал өреді өрісінен.

Ұл-қызы - өскен өркен, ел еркесі,
Жалғасып ғасырлардан келер көші.
Баурайы бақыт толы құтты мекен,
Байзақтың байтақ жатқан кең өлкесі.

Көзіндей кешегі мәрт бабалардың,
Сөзіндей шежіре қарт даналардың.
Бай өлке, байтақ өңір шынында ол,
Бағына қалған мекен балалардың.

Болардай дәуірлерге дәл төреші,
Тола сыр, тұнған тарих әр төбесі.
Төрінде Байзақ бабам кесенесі,
Бас имей кете алмаған хан-төресі.

Мақтанар жас түлегі, ардагері,
Қарасаң қандай әсем Сарыкемері.
Шырқаған көңілдердің мәңгі өлеңі,
Бұл өлке бақыт төрі, арман елі.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026