Сағыныш

Өмір туралы

Талай жанды жөңкіткен, тағдыр салып алдына, Туған жерде керемет бір қасиет бар мына. Сендіре алмай сезімді, көндіре алм...

Талай жанды жөңкіткен, тағдыр салып алдына,
Туған жерде керемет бір қасиет бар мына.
Сендіре алмай сезімді, көндіре алмай жанды да,
Жүрегімнің жартысы қалып кеткен Тамды да.

Ұмыта алмай қырын да, ұмыта алмай тауын да,
Шын сағынып жүр-ау деп сырлас дос, жар, бауыр да,
Ақылымның жартысы қалып кеткен алыста,
Асылымның жартысы қалып кеткен ауылда.

Туған жерді аңсаумен толып сезім толғаққа,
Біреу келіп қалар деп көзім кілең жол жақта.
Өмірімнің жартысы өтіп кеткен ол жақта,
Көңілімнің жартысы қалып кеткен сол жақта.

Ой дуалап басымды, сағынғаным үшін бе?
Қой қуалап жүремін, құмды кешіп түсімде.
Қимай-қимай ақыры қиялымның жартысы,
Қалып кеткен қалайда Қызылқұмның ішінде.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026