Қызылқұм

Отан туралы

Белес, белес, белес құм, Бауырында мен өстім. Жай күйіңді ұқпастай, Бөтен кісі емеспін. Қияметтің көзінде, Қиян шөлдің ...

Белес, белес, белес құм,
Бауырында мен өстім.
Жай күйіңді ұқпастай,
Бөтен кісі емеспін.

Қияметтің көзінде,
Қиян шөлдің өзінде.
Жатырсың сен Қызылқұм,
Шуақ сеуіп сезімге.

Бөленесің төзімге,
Бөгелесің көзімде.
Қиындық та, қызық та,
Бәрі сенің өзіңде.

Кеңістік те өзіңде,
Кемістік те өзіңде.
Ең ыстықта өзіңде,
Терістік те өзіңде.

Мол дауыл да өзіңде,
Малды ауыл да өзіңде.
Арманым да өзіңде,
Ардағым да өзіңде.

Мұңды шер де өзіңде,
Құмды жел де өзіңде.
Кенді жер де өзіңде,
Көнбіс ел де өзіңде.

Ерендер де өзіңде,
Тереңдер де өзіңде.
Сексеуіл де өзіңде ,
Селеулер де өзіңде.

Азап, жұт та өзіңде,
Ғажап құт та өзіңде.
Азаттық та өзіңде,
Қазақтық та өзіңде.

Ірілік те өзіңде,
Тірілік те өзіңде.
Соны анық сеземін,
Сені кезген кезімде.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026