Алатау

Отан туралы

Тізбек те тізбек алып шың, Тізіле шөгіп қалыпсың. Тіреген көкті алыпсың, Тізеңді бүге салыпсың. Басыңда сенің ақшыл қа...

Тізбек те тізбек алып шың,
Тізіле шөгіп қалыпсың.
Тіреген көкті алыпсың,
Тізеңді бүге салыпсың.


Басыңда сенің ақшыл қар,
Баурайы толы бақсыңдар.
Ақшыл қар жапқан, ақ шыңдар,
Үндемей қалай жатсыңдар?

Еркелеп жетер ән саған,
Ертерек жетер таң саған.
Аяулым менің аңсаған,
Көркіңе қарап тамсанам.

Жерұйық дейтін жерім сен,
Қасиетті ұлық төрім сен.
Көңілім тұрар асқақтап,
Ақ шыңдар бұлтсыз көрінсең.

Тастарды жарып, гүл өсіп,
Көңілді жарып жыр өсіп,
Бақыт ап сенен үлесіп,
Сан ұрпақ міне тұр өсіп.

Көмкеріп бақпен тастаған,
Баурыңда ескі астанам.
Көрініп биік тұрасың,
Алатау маған басқадан.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026