Қыздарым

Бала-шаға туралы

Ұл жалғыз, қызға толы үйім менің, Мен бұған сүйіндім де күйінбедім. Қыздарым-гүлім менің, күнім менің, Қыздарым -тағдыр ...

Ұл жалғыз, қызға толы үйім менің,
Мен бұған сүйіндім де күйінбедім.
Қыздарым-гүлім менің, күнім менің,
Қыздарым -тағдыр берген сыйым менің.

Қыздарым-үміттерім, армандарым,
Қыздарым -талшыбығым, ормандарым,
Құлпырып көркейер деп орман бағым,
Сендердің өсуіңді армандадым.

Қыздарым-алтындарым, асылдарым,
Өмірге сепкен менің асыл дәнім.
Қалаймын асыл дәннің көктегенін,
Жайқалып жасыл гүл боп ашылғанын.

Қыздарым -тіректерім, таянышым,
Құстарым қанатыңды жаямысың!
Шарықтап шыңға барып қонамысың!
Көңілім қызығына тоямысың!

Елжіреп жанымменен жүрегіммен,
Сендерге ұзақ өмір тіледім мен.
Бүгінді болашаққа жалғастырар,
Өздерің бақытым деп білемін мен.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Бала-шаға туралы
Күні 31.05.2026