Бөбекке

Бала-шаға туралы

Тәтті күлкі үйіріліп миықта, Ұйықта бөпем! Ұйықтай ғой, ұйықта! Түн ұйқысын төрт бөліп, алаңдар, Сенің үшін, Мен бар жә...

Тәтті күлкі үйіріліп миықта,
Ұйықта бөпем!
Ұйықтай ғой, ұйықта!

Түн ұйқысын төрт бөліп, алаңдар,
Сенің үшін,
Мен бар және анаң бар.
Тымық түннің тыныштығын күзетіп,
Жүр ғой әне ақ пейілді адамдар.

Паң күлкімен миығыңда ойнаған,
Мына бізді мазақ қылып қой, данам!
Әкең басы жетпей жүрген көп іс бар,
Айналайын, ол жайлы әзір ойлама.

Шіркін көңіл сірә тыным таппаған,
Адам солай, үмітсіз таң атпаған.
Анаң қолы жетпей жүрген арман көп,
Аппағым-ау, бас қатырып жатпа оған.

Маңғаз жатып бесігіңнің ішінде,
Гүл көр жаным, күн көр өзің түсіңде.
Бір-бірімен тістеседі адамдар,
Түсінбейсің, мейлі әзір түсінбе.

Ертең ер жет, санаңда ұйқы оянсын,
Оянсын да, еркіңді кіл ой алсын.
Сонда барып түсінерсің бәрін де,
Түңілмессің, бірақ іштей тоярсың.

Ал әзірше пәк күлкімен миықта,
Ұйықта, бөпем!
Ұйықтай бер, ұйықта!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Бала-шаға туралы
Күні 31.05.2026