Құмды ауылдың аруы

Махаббат туралы

Биыл бөлек жыл ма еді? Сексеуіл де гүлдеді. Еркімнен тыс далаға, Ертіп кетші, жүр, мені. Сезімдерге сел құйып, Серуенде...

Биыл бөлек жыл ма еді?
Сексеуіл де гүлдеді.
Еркімнен тыс далаға,
Ертіп кетші, жүр, мені.

Сезімдерге сел құйып,
Серуендейік, сергиік.
Тұрар сонда жол беріп,
Селеу басын жерге иіп.

Жусан иісі жұғымды,
Жарып кетер мұрынды.
Қайта-қайта өрсең сен,
Таратып қос бұрымды.

Өзім ұқпай өзімді,
Тауысам-ау төзімді.
Жіберсек ше еркіне,
Елтіп кеткен сезімді.

Сыңғыр-сыңғыр сырғаңыз,
Шығып кетсек қырға біз.
Бүлінер ме ел іші?
Білінеді-ау құмдағы із.

Қайтеміз құр таласып,
Ақ сезімді ала шық.
Сексеуілді айналып,
Жүр, кетейік адасып.

***
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Махаббат туралы
Күні 31.05.2026