Қазақстан

Отан туралы

Жалғап жатқан Евразия ендігін, Таң қалдырар алыптығың, кеңдігің. Қолға тиген тәуелсіздік, теңдігім, Сенің арқаң халықтығ...

Жалғап жатқан Евразия ендігін,
Таң қалдырар алыптығың, кеңдігің.
Қолға тиген тәуелсіздік, теңдігім,
Сенің арқаң халықтығым, елдігім.

Сенің арқаң дархандығым, паңдығым,
Сенің арқаң қаралығым, хандығым.
Сенің арқаң тірілігім, барлығым,
Сен деп білем мен осының барлығын.

Сенің арқаң ірілігім, көптігім,
Сенің арқаң байлығым мен тоқтығым.
Сенің арқаң мырзалығым, бектігім,
Сенен қымбат ештеңе де жоқ шыным.

Сенің арқаң шапағатты, нұрлы күн,
Сенің арқаң бүтіндігім, бірлігім.
Барлығыңды білуші еді кім бұрын?
Даңқың кезді әлемнің бар құрлығын.

Сенің арқаң ынтымақ та, ырыс та,
Сенің арқаң кең алынған тыныс та.
Ұя болып ұлттар мен ұлысқа,
Ұсайсың сен құйған берік құрышқа.

Сенің арқаң күліп жүрсе жанарым,
Сенің арқаң таудай болса талабым.
Бауырыңда өркен жайған баламын,
Өзің сынды аяулы, асыл ананың.

Өстім, өндім, топырағыңда аунадым,
Кеңдігімен сүйсіндірер аумағың.
Бақытымдай көрінеді бау-бағың,
Мәртебеңдей көрінеді тауларың.

Тек өзіңде жадырадым, жайнадым,
Тек өзіңде сайран салдым, сайрадым.
Сенсің менің көтерген көк байрағым,
Сенсің менің ардағым мен айбарым.

Сенің арқаң шаттығым да, күлкім де.
Тағдырымыз байланыпты бір тінге.
Бабалардың сан ғасырлық арманы,
Қазақстан, сені сүймеу мүмкін бе?
Көркейе түс, гүлдене бер күн-күнге!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026