Қандай жақсы

Отан туралы

Қандай жақсы тәуелсіз ел болғаным, Түгел жұртпен терезем тең болғаным. Қазақ деген ардақты атқа лайық, Бай болғаным, кер...

Қандай жақсы тәуелсіз ел болғаным,
Түгел жұртпен терезем тең болғаным.
Қазақ деген ардақты атқа лайық,
Бай болғаным, керемет кең болғаным.

Егемендік аңсаса бабалары,
Қол жеткізді ұрпағы, балалары.
Қандай жақсы ұрпақты ұластырған,
Алтын құрсақ асыл жан- ана бары.

Мәрт мінезді ақпейіл адамдары,
Қандай жақсы дарқан кең далам бары.
Бұл не қылған ынтымақ, ырысты ел деп,
Барлық адам көз тігер ғаламдағы.

Қандай жақсы «мың өліп» тірі қалу,
Жас ел бола тұрып та ірі болу.
Бар әлемнің есігін еркін ашып,
Елу елдің ең мықты бірі болу.

Жолды тауып жақынға, алысқа да,
Ұмтыламыз болсақ деп Барыс жаңа.
Қандай жақсы адамзат біздің жерден,
Жол алуда ғаламат ғарышқа да.

Қандай жақсы жаңарттық Астананы,
Асуларға бет алдық асқаралы.
Жойқын күшті қарудан басты тартып,
Бастай білдік теңдессіз бастаманы.

Қандай жақсы – дән себу, астық алу,
Бар халықтан бауырды, досты табу.
Бейбітшілік біздегі басты байлық,
Бірлігіміз – біздегі басты қару.

Қандай жақсы мыс күреп, мұнай берген,
Сынақтардан саспадық сынай келген.
Қазынамыз мол болса былайғы елден,
Пейілімізге жараса Құдай берген.

Қандай жақсы жарқын күн жан жайнатып,
Бізге жұмыс істеуден танбайды уақыт.
Барлық әлем таңырқар таңдай қағып,
Қазағыма ұл болу қандай бақыт!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 30.05.2026