Қарқаралы

Өмір туралы

Даңқты өлке арқадағы, Дархан дала Қарқаралы. Асыл моншақ алқадағы, Арман қала Қарқаралы. Тарам-тарам тау тарамы, Тараты...

Даңқты өлке арқадағы,
Дархан дала Қарқаралы.
Асыл моншақ алқадағы,
Арман қала Қарқаралы.

Тарам-тарам тау тарамы,
Таратылған Қарқаралы.
Ен байлықтан шартарабы,
Жаратылған Қарқаралы.

Самал желі жан, сананы,
Желпіп өткен Қарқаралы.
Тиіп Кене хан табаны,
Жортып өткен Қарқаралы.

Ер Мәдидің арқалы әні,
Айтылатын Қарқаралы.
Басынан бұлт тарқағаны,
Байқалатын Қарқаралы.

Тарихының бар тарауы,
Тұнба тұнған Қарқаралы.
Қасым жырдың әр парағы,
Сырға тұнған Қарқаралы.

Ғарышкер ұл нар талабы,
Тоқтар туған Қарқаралы.
Құшақ жая қарсы алады,
Достар тұрған Қарқаралы.


Ару қыздар ай жамалы,
Асыл ерке Қарқаралы.
Жайқала өскен тал-дарағы,
Жасыл өлке Қарқаралы.

Өндірісі сан салалы,
Кәсіп еткен Қарқаралы.
Бір көргеннен хан-қараны,
Ғашық еткен Қарқаралы.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026