Қаратау

Отан туралы

Кереуен-керуен көш өткізіп басыңнан, Құшағына құпия сыр жасырған, Жатырсың ба қасиетті Қаратау, Ғасырларға аман жеткен ғ...

Кереуен-керуен көш өткізіп басыңнан,
Құшағына құпия сыр жасырған,
Жатырсың ба қасиетті Қаратау,
Ғасырларға аман жеткен ғасырдан

Тағдырыңның салғанына қайыспай,
Заман жүгін көтергенсің майыспай.
Кереметтей кең даланың төсіне,
Созылыпсың шұбатылған қайыстай.
Өміріңде болған ауыр талай сын,
Дәуірлердің бәрін майда санайсың.
Маң-маң басқан мыңжылдықтың өзіне,
Менсінбей сен маңғаздана қарайсың.

Жотасы ірі, құшағы кең халқы бай,
Ей, Қаратау, қасиетті қартым-ай!
Сені көріп тұрам қалай шалқымай,
Қалай тұрам бауырыңда балқымай.

Көзі де өзің көпті көрген көненің,
Сені көрсем тарихымды көремін.
Қиындығын қилы-қилы кезеңнің,
Өзіңменен бірге өткізген өр елім.

Алып жатсың байтақ жердің алабын,
Жарқырайды нұрын шашып жаңа күн.
Тілің жоқ-ау, тілің болса егерде,
Айтар едің талай сырын даланың.

Сан дәуірге болдың куә, қазы да,
Бауырыңнан қазуда елің қазына.
Қайыспастан қайран қартым жата бер,
Бүгіннің де құлақ түріп сазына.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026