Паһ, шіркін, ауылдағы бауырлар-ай!

Отан туралы

Жайқалған жасыл белес жауынға бай, Жаныңды сағындырмас ауыл қалай. Көтерер еркелесең ауырламай, Паһ,шіркін, ауылдағы бау...

Жайқалған жасыл белес жауынға бай,
Жаныңды сағындырмас ауыл қалай.
Көтерер еркелесең ауырламай,
Паһ,шіркін, ауылдағы бауырлар-ай!

Тегіңді тұқияннан білетұғын,
Түгендеп бар әулетті жүретұғын.
Ауылдың шалдарын айт сүйегі асыл,
Атыңа ер салмай-ақ мінетұғын.

Түгелдей туыс санар алаламай,
Ақпейіл аңқылдаған ағалар-ай!
Көргенде көзіндегі жымиыстан,
Тұрады өн бойыңа тарап арай.

Қалжыңның қармағына іліктіріп,
Жеңгелер шымшып алар күліп тұрып.
Өзінше түк білмеген болады олар,
Жаныңның қақсағанын біліп тұрып.

Болады елге барсаң бабың басқа,
Қаумалар інілер мен қарындас та.
Көл-көсір пейілменен көкелеген,
Қоймайды,
Қоймайды олар сағынбасқа.


Сығалап ақбоз үйдің үзігінен,
Тұрасың сұлуларға сүзілумен.
Тым ерке ауыл жақтың арулары,
Сүйдірер жүзі емес, жүзігінен.

Ардақты асыл әже, алтын ана,
Әр үйден өріп шығар алты бала.
Шын қазақ екеніңді ескертеді,
Келіннің сәлем салған салты ғана.

Жететін сыйластықтың бағасына,
Бауырмал жезде, жиен, нағашы да.
Көрінер көзге ыстық алыстан-ақ,
Сағынып келгеніңде ағашы да.

Шұбат пен сары қымыз сапырады,
Таңды да қонақ күтіп атырады.
Кетем деп ауыл жақтан кете алмайсың,
Жібермей кезек-кезек шақырады.

Ауылда дархан мінез мәрт, асыл да,
Сояды барсаң жалғыз марқасын да.
Бірер сөз білгішсініп айтып жүрсек,
Ақынбыз біз солардың арқасында.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026