Қайран жастық

Өмір туралы

Қайран жастық! Қанатын жайған жастық! Қала салдық, Ғарыш бардық, Айдан да астық. Егін ектік, Мал бақтық, Қойнауды аштық,...

Қайран жастық!
Қанатын жайған жастық!
Қала салдық,
Ғарыш бардық,
Айдан да астық.
Егін ектік,
Мал бақтық,
Қойнауды аштық,
Әйтеуір мақсат үшін майдандастық.

Қайран жастық, қызуыңды бересің бе?
Қыздырып, қызығымды көресің бе?
Келеміз кереметтер жасап тастап,
Сенесің бе?
Қасымда келесің бе?


Білеміз теңдесі жоқ ерлік сенде,
Өрлік сенде,
Бәрін де көрдік сенде.
Асау қаның істетер айтқанын,
Көндікпесем, мейлі, көндіксем де.

Сен мені қуанттың да, құлаттың да,
Қауыз жарып, жайқалып, гүл аттың да.
Ауырынан қаймықпай асар жолдың,
Ең мықтысын таңдайсың мұраттың да.

Қайран жастық!
Жалын боп жанған жастық!
Отты күнде қолға ту алған жастық.
Сонау жылы Отанды фашизмнің,
Құлдығынан құтқарып қалған жастық.

Бас ием сен өсірген ормандарға,
Бас ием тыңға алғаш барғандарға,
Бас ием ғарышқа жол салғандарға.
Қайран жастық кім саған бас имейтін,
Жан бітірген жарықтық армандарға.

Құдіретіңе деймін де құба да құп,
Қарайтыңдар болса егер шұбаланып.
Пікір айтсын әуелі сынап алып,
Сосын саған бас иіп тұрары анық.

Қайран жастық!
Сауықты, сайран жастық!
Жайраңдастық,
Ойнастық,
Сайрандастық.
Өртерсің де өтерсің бір күндері!
Өкінбеудің амалын ойлан, Жастық!
Түбімізге жетпесін ойланбастық.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026