Он сегіз

Өмір туралы

Он сегіз бе? Болғанбыз он сегізде, Өзің біл сенбесеңіз, сенсеңіз де. Одан да өтіп адам кетеді екен, Амал жоқ көнбесеңіз,...

Он сегіз бе?
Болғанбыз он сегізде,
Өзің біл сенбесеңіз, сенсеңіз де.
Одан да өтіп адам кетеді екен,
Амал жоқ көнбесеңіз, көнсеңіз де.

Жастық пен бақытты олар бір дейтұғын,
Жері жоқ күлмейтұғын, жүрмейтұғын.
Он сегіз-жау жүрек шақ жалын атқан,
Қорқуды, именуді білмейтұғын.

Өмірге жар салады бар әнімен,
Жалындап жанар жүрек, жанады дем.
Он сегіз-өрт, махаббат, күйіп-жанып,
Бір-бірін аймаласқан жанарымен.

Керемет кең алынса тыныс бүгін,
Мәнісін түсіне біл дұрыс, Күнім.
Он сегіз-жауынгер жас қару ұстап,
Қорғаған Отанымның тыныштығын.

Дейді де елге нұр боп төгілелік,
Жүреді құрылыс салып, егін егіп.
Он сегіз-еңбеккер жас ерінбейтін,
Орнатқан еліме құт, жеріме құт.

Тентек дер, бұзық та дер ел ішінде,
Істейді дұрысын да, терісін де.
Он сегіз-асау мінез, алып ұшпа,
Жақсылық жатар бірақ әр ісінде.

Жүргенде көзге жұрттың бірін де ілмей,
Қояр ма өмір мықты сүріндірмей.
Осы жас албырт, аңқау шақ екен-ау,
Істейсің бірін біліп, бірін білмей.

Мінез бар бұзық та емес, түзу де емес,
Шырт етпе өн бойында қызулы егес.
Әйтеуір он сегіздер қызық халық,
Жолдары жобалармен сызулы емес.

Осындай оттысыңдар он сегіздер,
Ел риза жанып барып сөнсеңіздер.
Он сегіз мәңгі тұрмас,
Болды да тек,
Аларды алып, берерді берсеңіздер.

Өзіңдей болдық біз де он сегізде,
Өзің біл сенбесеңіз, сенсеңіз де.

Бұл күнде көрмегендей көрсеңіз де!
Есіңнен кетпейді екен өлсеңіз де!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026