Пенде

Өмір туралы

Болмысымда пенде, Күнә жасар демде, Көп пендеге ерген, Бір пендемін мен де. Өтіп жатқан сансыз, Күндерім бос мәнсіз. Үм...

Болмысымда пенде,
Күнә жасар демде,
Көп пендеге ерген,
Бір пендемін мен де.

Өтіп жатқан сансыз,
Күндерім бос мәнсіз.
Үмітім де үркек,
Сенімім де әлсіз.

Төбемізде үйшік,
Арқамызда бишік.
Түзу емес түйсік,
Жолдарым да қисық.

Істерім тым майда,
Андап жүрген айла.
Білімділік қайда?
Іздегенім пайда.

Ақылым да ала,
Дін ұстауым шала.
Солақайлау сана,
Жалғыз Алла пана.

Берер-ау деп жаза,
Қашатыны маза,

Оразам жоқ оңды,
Намазым да қаза.

Атым ғана адам,
Белгілі бар шамам.
Зарға толы заман,
Шүкір, басым аман.

Көргенім де өлең,
Өргенім де өлең,
Бергенім де өлең,
Сенгенім де өлең.
Өзге кімге сенем?
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026