Әйел

Өмір туралы

Есіңді алар қылығы, Түсінбейсің ғұмыры. Ер мойнына дәл түсер, Лақтырған құрығы. Жүзі жылы, тілі бал, Түсініксіз сыры ба...

Есіңді алар қылығы,
Түсінбейсің ғұмыры.
Ер мойнына дәл түсер,
Лақтырған құрығы.

Жүзі жылы, тілі бал,
Түсініксіз сыры бар.
Бүлінбеске бүлініп,
Ұрынбасқа ұрынар.

Керемет бар көзінде,
Сиқыры бар сөзінде.
Бағындырған біз түгіл,
Әміршіңнің өзін де.

Сені Мәжнүн ететін,
Ұл-қызым деп өтетін.
Мерекең де кіретін,
Берекең де кететін.

Гүл де өзі, жыр өзі,
Мың құбылған мінезі.
Әйел деген түбінде,
Қызық халық бұл өзі.

Өзіне тән өз үні,
Ерден артық төзімі.
Ауызында ақылы,
Құлағында сезімі.

Еркелейді, күледі,
Іштегіне біледі.
Азаматты ноқталап,
Жетелеп ап жүреді.

Кей ісіне күйесің,
Күйе тұра сүйесің.
Иітеді жігіттің,
Жетпіс екі жүйесін.

Нұр шуағын себелеп,
Аялайды не керек.
Қайшылықтан жаралған,
Әйел деген керемет.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026