Өткен күн мен келер күн

Өмір туралы

Күн өтеді, ай, апта алмасады, Тоқтамайды уақыт алға асады. Өз білгенін істейді өткен күндер, Келер күнге жол беріп, жалғ...

Күн өтеді, ай, апта алмасады,
Тоқтамайды уақыт алға асады.
Өз білгенін істейді өткен күндер,
Келер күнге жол беріп, жалғасады.

Жалаңаяқ жарысқан, жалын құшқан,
Жастық өтті өрекпіп, алып ұшқан.
Өткен күнім тұрады жаңылыстан,
Келер күнім тұрады сағыныштан.

Бірін майда, біреуін ұлық көрген,
Ауыстырып бір-бірін кіріп келген,
Өткен күнім тұрады өкініштен,
Келер күнім тұрады үміттерден.

Болашақ күн кісіге болар арман,
Күліп, жайнап шықсыншы олар алдан.
Өткен күнім тұрады ізденістен,
Келер күнім тұрады жобалардан.

Ер деп елім көп істі менен күткен,
Нелер бітпей ойдағы нелер біткен?
Өткен күнім тұрады шалалықтан,
Келер күнім тұрады кемелдіктен.

Шаттық сыйлап қуантқан, құт бөліскен,
Жақсылығын көңілдер құп көріскен.
Кеткен күнім тұрады біткен істен,
Келер күнім тұрады күткен істен.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026