Өмірге бір адамдай ғашық жанмын,

Өмір туралы

Өмірге бір адамдай ғашық жанмын, Жасырмай жан сырымды ашып салдым. Білгенге баға жетпес асыл сөздің, Аңдамай мен әңгүдік...

Өмірге бір адамдай ғашық жанмын,
Жасырмай жан сырымды ашып салдым.
Білгенге баға жетпес асыл сөздің,
Аңдамай мен әңгүдік басын жардым.

Тынбастан тырбаң-тырбаң тірлік еткен,
Пендемін тырбаңдаумен бір күні өткен.
Ақын деп мақтай-мақтай бұлбұл еткен,
Халқыма алғыс айтам шын жүректен.

Шым-шымдап өн бойымда шымыр бұлақ,
Тұрамын тіршілікте жырым құрап.
Суындай шымыр бұлақ шым-шым аққан,
Таусылар емес бойда сырым бірақ.

Жалғанды жалпағынан басып жүрмін,
Өзімше жырдан шашу шашып жүрмін.
Түбіне жеткен бар ма бұл тірліктің?
Осыған жауап таппай сасып жүрмін.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026