Мың тәуба өзің барсың Байзақ елі

Отан туралы

Кім ойлаған тәуелсіздік ту тігер деп, Даңқымыз да әлемге дүркірер деп. Жиырма жылда тіл мен діл қайта өрлеп, Салт-санамы...

Кім ойлаған тәуелсіздік ту тігер деп,
Даңқымыз да әлемге дүркірер деп.
Жиырма жылда тіл мен діл қайта өрлеп,
Салт-санамыз серпілер, сілкінер деп.

Кім ойлаған аңсаған күн келер деп,
Бар қазаққа шапағат нұр берер деп.
Ауданым Байзақ бабам атын алып,
Осылайша көркейер, гүлденер деп.

Кім ойлаған жүргенде көп алаң боп,
Отаныма өзімнің жол алам деп.
Атажұртқа аман-сау оралам деп,
Азаматы ардақты бола алам деп.

Кім ойлаған мұратқа ел жетеді деп,
Кешегі күн келмеске кетеді деп.
Аудандық газетімнің жетпіс жылдық,
Мерекесі дүркіреп өтеді деп.

Кім ойлаған нұрлы күн келеді деп,
Шапағатын, шуағын себеді деп.
Құлекеев ауданға әкім болып,
Құрметті атақ маған да береді деп.

Кім ойлаған таң атып арайлаған,
Өзгерер деп түбірден бұлай заман.
Қабағында қазақтың нұр ойнаған,
Дархан дәуір болар деп кім ойлаған.

Жыр айналам,
Жайқалған гүл айналам,
Еш ел бақыт сыйламас бұлай маған.
Соны көріп етем деп шүкіршілік,
Шын ойланам,
Шаттанып, шырайланам.

Тәуелсіздік сыйлаған таңды мына,
Ризамын Тәңір берген тағдырыма.
Мың тәуба өзің барсың Байзақ елі,
Мың алғыс азаматтар барлығыңа.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026