Бәрімізде бір Отан

Отан туралы

Ақпыз ба, сарымыз ба, қарамыз ба? Орын бар баршасына арамызда. Орныққан бауырмалдық санамызда, Сияды барлығы да даламызғ...

Ақпыз ба, сарымыз ба, қарамыз ба?
Орын бар баршасына арамызда.
Орныққан бауырмалдық санамызда,
Сияды барлығы да даламызға.

Қазақ па, орыспыз ба, түрікпіз бе?
Қараймыз бір-біреуге күліп жүзге.
Құқығым тапталуы мүмкін деген,
Болмайды ешқандай да күдік бізде.

Әртүрлі түріміз де, дініміз де,
Алайда сенім біреу ділімізде.
Бәріміз Қазақстан азаматы,
Құрметпен қараймыз бір бірімізге.

Теңбіз біз кім болғанмен тереземіз,
Осындай қағидамыз, ережеміз.
Бәріміз Қазақ елі деген елде,
Бөлінбей, бөлшектенбей тел өсеміз.
Ұлттардың бірдей ірі, ұсағы да,
Жол жоқ еш кісеніңе, тұсауыңа.
Халқымды құрмет еткен барша ұлыс,
Сияды қазақтың кең құшағына.

Түк те жоқ тұрған сенің кімдігіңде,
Халқымның бар бақыты бірлігінде.
Жұмыла көркейтеміз қазақ елін,
Ардақтап мемлекеттік тілді бірге.

Тарихтың алға сүйреп көне көшін,
Бірліктің танытамыз өнегесін.
Баршаның биіктетіп мәртебесін,
Қазақтың кеңітеміз керегесін.

Тілек бір жасымызда, кәрімізде,
Ынтымақ арқау болған әнімізге.
Елміз біз бірлік туын биік ұстар,
Өйткені Отан біреу бәрімізде.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026