Мұсылманмын

Өмір туралы

Мұсылманмын! Алһамдуллаһ мұсылманмын! Басымды бір Аллаға ұсынғанмын. Жат ойды жадымнан мен ысырғанмын, Бір кезде мұны ай...

Мұсылманмын!
Алһамдуллаһ мұсылманмын!
Басымды бір Аллаға ұсынғанмын.
Жат ойды жадымнан мен ысырғанмын,
Бір кезде мұны айтуға қысылғанмын.

Құлымын, бір Құдайдың шын құлымын,
Мойындайм, жеткіліксіз құлшылығым.
Санамды билеп кеткен тіршілігім,
Сеземін дұрыс емес бұл қылығым.

Мұхаммед пайғамбардың үмбетімін,
Деп жүрмін дін Исламмен бірге тінім.
Тірліктің кім бүтіндер мың кетігін?
Аятқа қайтса деймін күнде тілім.

Емеспін діннен безген, ділден безген,
Ойландым дәл есімді білген кезден.
Табиғат жаратушы деп жүріп-ақ,
Жүрегім Алла барын бірден сезген.

Ұнатам Құдай сөзін, Құран сөзін,
Бас иіп Жаратқанға тұрар сезім.
Салмақтап күнәмменен сауабымды,
Күтемін өзі бәрін сұрар кезін.

Білемін қырық парыз бар екенін,
Оларды шынында да шала өтедім.
Қайтарам калимамды қайта-қайта,
Ойлаймын тек Алланың жар екенін.

Жалынам Жаратқанға шын ағынан,
Пендемін сауап табам, күнә қылам.
Қорқамын бір Алланың сұрағынан,
Дәмем бар бақи дүние жұмағынан.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026