Тіршілікке таңым бар

Өмір туралы

Мәртебелі мырзалар мен ханымдар, Менің мына тіршілікке таңым бар. Біреулерге беріп қойған бағың бар, Біреулерге жейтін ү...

Мәртебелі мырзалар мен ханымдар,
Менің мына тіршілікке таңым бар.
Біреулерге беріп қойған бағың бар,
Біреулерге жейтін үзім наның зар,
Менің мына тіршілікке таңым бар.

О басында бірдей болып жаралып,
Тіршілікте бар әйтеуір алалық.
Біреулердің ақылы орта, жарым ес,
Біреулерге қона кеткен даналық.

Біреулердің сайлап қойған ырысын,
Біреулердің байлап қойған тынысын.
Шарасыздан амал таппай біреулер,
Біреулердің малын бағар күні үшін.

Біреулердің мәртебесі тасып жүр,
Біреулердің жаны жүдеп жасып жүр.
Бір-біріне жете алмай ғашық жүр,
Ал біреулер біреулерден қашып жүр.

Біреулерге биік емес шың деген,
Біреулерге асу бермес бір белең.
Жорға мініп, жортып жүрсе бір кісі,
Ал біреулер есекке де мінбеген.

Біреулердің қашып құты, қуаты,
Біреулердің сескендіріп жүр аты.
Біреулердің шырқау көкте мұраты,
Біреулердің алам деген құр аты.

Осы өмірде бір мен емес, бәрің бар,
Біреуіңнің астарыңда тағың бар.
Біреуіңнің қайғы, мұң мен зарың бар,
Әрқайсыңда әртүрлі ой, наным бар.

Мәртебелі мырзалар мен ханымдар!
Санаулы күн, өлшеулі тұз, дәмің бар.
Тылсым тағдыр, жазылған сор, бағың бар.
Осылардың түсіне алмай мәнін бар,
Менің мына тіршілікке таңым бар.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026