Әйелге тағзым

Өмір туралы

Әйел көрсең ана ғой деп тұрыңдар, Басыңды иіп, ізет-құрмет қылыңдар. Аналардың жаны нәзік ұғыңдар, Арманынан, ойларынан ...

Әйел көрсең ана ғой деп тұрыңдар,
Басыңды иіп, ізет-құрмет қылыңдар.
Аналардың жаны нәзік ұғыңдар,
Арманынан, ойларынан шығыңдар.

Әйел көрсең асыл жар деп ойлаңдар,
Асыл жанды өкпелетіп қоймаңдар.
Жүрегіне тереңірек бойлаңдар,
Жақсылықты тек солармен тойлаңдар.

Әйел көрсең қызымыз деп біліңдер,
Қызын халқым қуанышым, гүлім дер.
Қызуы мол жанның шуақ, нұрын бер,
Қызғалдақтай күтіп, баптап жүріңдер.

Әйел көрсең алаңдамай сезімге ер,
Жаман ойдан, жат пейілден безіңдер.
Әйел деген еркелік қой, сезіңдер,
Еркелікке ер жігіт боп төзіңдер.

Ардақтаңдар, асылыңа балаңдар,
Қарындас деп, апалар деп қараңдар.
Келіндер деп, жеңгелер деп санаңдар,
Арасында аяулы жар, анаң бар,
Әйелдерді аялаңдар, адамдар!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026