Менен асқан бай адам жоқ

Өзім туралы

Кең заманда кім ұстамас қаламды, Ұйқастырса бәрі ақын саналды. Өлең қайда, қарын қамын ойлап жұрт, Нарық заңы өзгертті ғ...

Кең заманда кім ұстамас қаламды,
Ұйқастырса бәрі ақын саналды.
Өлең қайда, қарын қамын ойлап жұрт,
Нарық заңы өзгертті ғой адамды.

Түрлі-түрлі қайшылыққа кез келіп,
Адам біткен жатқанымен өзгеріп.
Ақын деген барлығынан артық деп,
Мен кетіппін заманға емес, сөзге еріп.

Жұрттың көбі жағалап жүр базарды,
Басқа жаққа салмайды еш назарды.
Көп күттіріп, шабыт беріп жазамды,
Ұйқы қашып, ұйқас алар мазамды.

Ақшалылар жүйрік-жүйрік ат мініп,
Сөз сөйлейді артық-артық аптығып.
Мен күтемін сүйген жарды күткендей,
Шабыт келсе қызметіне тақ тұрып.

Шапан киген алтын зерлі өңірі,
Қалталының әзірше анық зор үні.
Қарны тоқ қой, тоқ па олардың көңілі?
Ақша санап өтер ме екен өмірі?

Дүние боқты жимады не, жиды не?
Қуып оны құр бекерге күйді де.
Жыр секілді жылағанды жұбатып,
Бір қазаққа жақсылығы тиді ме?

Мені түгел билеп алған жыр елі,
Жұрт бақытты байлықта деп біледі.
Өлеңіңе пысқырмайтын солардың,
Қайда кеткен сезімі мен жүрегі?

Ақыным деп баға беріп халық жүр,
Бұл мендегі бар асылды танып жүр.
Тәңір берген сөзді пұлдап ешқашан,
Байлық жинап ала алмасым анық бұл.

Салыстырсаң түк тұрмайды пұлың да,
Әр сөзімнің кім айта алар құнын да.
Жиған-терген бар асылым жырымда,
Менен асқан бай адам жоқ шынында,
Менен асқан бақытты жоқ шынында.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өзім туралы
Күні 30.05.2026