Кел, кел көктем

Өмір туралы

Кел, кел көктем! Кел көктем! Нөсерлеткен селдеткен, Ән беретін тербеткен, Сән көретін жер-көктен, Кел көктемім! Кел көкт...

Кел, кел көктем! Кел көктем!
Нөсерлеткен селдеткен,
Ән беретін тербеткен,
Сән көретін жер-көктен,
Кел көктемім! Кел көктем!

Жерге құтын түсірген,
Таусылмайтын ісіңмен,
Кел, кел көктем! Кел көктем!
Ән сап бірге құсыңмен,
Аңсап жүрген кісің мен.

Төскөйлерде төл өссін,
Дихан жерге дән ексін,
Кел, кел көктем! Кел көктем!
Бәрімізге керексің,
Бар мезгілден ерексің.

Жер мен көкті оятып,
Көктем түске боятып,
Кел, кел көктем! Кел көктем!
Он алтыны оятып,
Жетпіс жасты ойлантып.

Көкке күліп күн шықсын,
Қырға қаптай гүл шықсын,
Көктемеде көгеріп,
Оянбаған махаббат,
Құрсын, мәңгі тұншықсын.


Ән берерсің тербеткен,
Сән көрелік жер-көктен,
Нөсерлеткен, селдеткен,
Кел, көктемім, кел көктем!
Тосам сені мен көптен.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026