Дүбірлі дүние

Өмір туралы

Дүние-ай, неткен дүрмек, дүбірлісің, Көзбенен көріп жүрміз бүгінгісін. Тірліктің жалап жүрміз жұғындысын, Кім білген тер...

Дүние-ай, неткен дүрмек, дүбірлісің,
Көзбенен көріп жүрміз бүгінгісін.
Тірліктің жалап жүрміз жұғындысын,
Кім білген терең жатқан түбіңді шын.

Дүние-ай, неткен шуақ, арайлысың,
Арбадың, алдарқаттың талайды шын.
Сырғыған сағаттарды санаймысың?
Бір кетсең артқа айналып қараймысың?

Дүние-ай, неткен тәтті ең, шырынбысың?
Жалт еткен жалғаншы ма ең, шынымбысың?
Ешкім де ұға алмаған сырыңды шын,
Сен де бір өз алдына ғылымбысың?

Дүние-ай, неткен қиын, шиырлысың,
Дөңгелеп өте шығар құйынбысың?
Кімдерге қолайлысың, тиімдісің?
Шынында құның бақыр тиынбысың?

Дүние-ай, неткен әсем, көріктісің,
Бір сәтке желіктірген желікпісің?
Аспанға атып жүрміз бөрікті шын,
Болғаны аз-ақ күндік серікпісің?
Дүние-ай, неткен асыл, қымбаттысың,
Сырлысың, сымбаттысың, жұмбақтысың.
Басымда мәңгі бақи тұрмақпысың?
Әлде сен мені де алдап тынбақпысың?
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026