Бір мен нөлдер

Өмір туралы

Нөлдер көп Бірді айналып жағалаған, Бір-бірін көкелеген, ағалаған. Өзгеге пысқырып та қарамаған, Өздерін кіші бір деп ба...

Нөлдер көп Бірді айналып жағалаған,
Бір-бірін көкелеген, ағалаған.
Өзгеге пысқырып та қарамаған,
Өздерін кіші бір деп бағалаған,
Нөлдер көп Бірді айналып жағалаған.

Біледі бірақ өзі нөл екенін,
Алдында Бір болмаса қор екенін.
Артына Бірдің тұрып мықты болу,
Атадан келе жатқан жол екенін.

Өздерін Бірге сүйеу, тірек санар,
Пайданы сүйтіп жүріп күреп табар.
Бір барда нөлдің туын кім құлатпақ,
Бір жоқта бәрі нөл боп жүдеп қалар.

Ойлары тіпті бөлек ойлағаннан,
Жалықпас екінші рөл ойнағаннан.
Бірдің кеп етегінен мықтап ұстап,
Он болу олардағы ойдағы арман.

Жинақтап бай қылатын, құл қылатын,
Тағдырын сындыратын, тындыратын,
Бір ғана түгел бәрін билеп, төстеп,
Нөліңді жүз қылатын, мың қылатын.

Осыны өздері де ұға берер,
Бір жоқта басты бағып, бұға берер.
Артына тұра қалса Бірдің болды,
Жалдарын күжірейтіп шыға келер.

Алдына тұру Бірдің өлім десіп,
Өтпейді оның сірә жолын кесіп.
Жалпақтап, артына еріп, сап түзеумен,
Келеді өңшең нөлдер өмір кешіп.

Нөлдер көп, Бірді айналып, жағалаған,
Көңілің көрген сайын қалады одан.
Білмеймін неге екенін осы күні,
Көбісі нөлге айналып барады адам.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026