Білемін атымды айтса «кім» деріңді,

Өмір туралы

Білемін атымды айтса «кім» деріңді, Табардай шұқшиясың бір кемімді. Өлеңге құйып жүрмін білгенімді, Өнерге қиып жүрмін к...

Білемін атымды айтса «кім» деріңді,
Табардай шұқшиясың бір кемімді.
Өлеңге құйып жүрмін білгенімді,
Өнерге қиып жүрмін күндерімді.

Жақсыға бөтен емес, жақынмын мен,
Шынында айтары бар ақынмын мен.
Бар кемім жұрт секілді астана емес,
Ауылда өлең жазып жатырмын мен.

Жыр тойын көппен бірге тойластым мен,
Өмірі қызығына тоймаспын мен.
Өлеңмен ойнас емес, ойласпын мен,
Тіріде оны сірә қоймаспын мен.

Жат емес, ақындармен айласпын мен,
Бос жатпай, жырдың жүгін жайғастым мен.
Сертімді адалдыққа байластым мен,
Өлгенше осы серттен таймаспын мен.

Ақтарып ақ қағазға сырды аштым мен,
Талпынып талай белес, қырды астым мен.
Білемін мәңгі бақи тұрмаспын мен,
Барымды айтып болмай тынбаспын мен.

Жолдас боп, жырмен бірге жол кештім мен,
Басымды кемсітуге көнбеспін мен.
Көрермін, келер ұрпақ, көрмеспін мен,
Өлеңім өлгенінше өлмеспін мен.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026