Барлық тойдың бастауы

Өмір туралы

Екі жүрек махаббатқа жүгінді, Жігіт пен қыз бірін-бірі ұғынды. Екі жастың мақсаттары бірігіп, Осылайша бір ақ отау тігіл...

Екі жүрек махаббатқа жүгінді,
Жігіт пен қыз бірін-бірі ұғынды.
Екі жастың мақсаттары бірігіп,
Осылайша бір ақ отау тігілді.

Осы күнге ата-ана ынтықты,
Бұл сәтті олар талай-талай жыл күтті.
Келін түсіп, кереметтей той беріп,
Ата-ананың тілегіне гүл бітті.

Ел жиналып шын думанды бастады,
Бәрі де мәз үлкен-кіші, жас – кәрі.
Келін тойы – барлық тойдың мықтысы,
Келін тойы – барлық тойдың бастауы.

Бата алу көпті көрген көнеден,
Бабалардан келе жатқан өнегем.
Бүгінгі той барлық тойдан ұлы той,
Дүйім жұртты шаттығына бөлеген.

Ата салттан халқым қалай жерінсін,
Жақсыларға төрден орын берілсін.
Жыр шашумен бетін ашып келіннің,
Осы тойда қазақтығың көрінсін.
Жиналған жұрт ақ тілектер тілеп шын,
Жас жұбайлар жолдарына гүл өссін.
Ел тілегі қабыл болып, бақ қонып,
Іздеріне ұл менен қыз ілессін.

Жас шыбықтар жайқала өсіп, бүр ашсын,
Келін-күйеу қол ұстасып, қыр ассын.
Ұл өсіріп, қыз өсіріп той берген,
Жақсылардың тойы тойға ұлассын.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026