Ата қазақ поэма

Ұлттық құндылықтар

Атақазақ – нағыз қазақ, нар қазақ, Ақылымен жасай білген сан ғажап, Айбыным деп ардақтаған бар қазақ, Даналығы далалыққа...

Атақазақ – нағыз қазақ, нар қазақ,
Ақылымен жасай білген сан ғажап,
Айбыным деп ардақтаған бар қазақ,
Даналығы далалыққа тән қазақ.

Атақазақ – ерен қазақ, ер қазақ,
Бодандықтан ете білген елді азат,
Кем қазақты қыла білген тең қазақ,
Кемел тұлға, кереметтей кең қазақ.

Ата қазақ – мықты қазақ, зор қазақ,
Ел өркенін өрістеткен өр қазақ.
Қазақ ұлын кең әлемге танытқан,
Қазақ үнін тыңдатқан да сол қазақ.

Атақазақ – ары асқақ ақ қазақ,
Лайықты ол қазақ деген атқа нақ.
Досқа адал, арсызға жау, аққа жақ,
Ділі таза, діні берік, пәк қазақ.

Атақазақ – ойлы қазақ, от қазақ,
Елбасым деп ізіне ерген көп қазақ.
Бар халықты бауырласы санаған,
Бөлшектеуі, алалауы жоқ қазақ.

Атақазақ – қара қазақ, хан қазақ,
Ен қазақты ете білген мәңгі азат.
Мың мықтымен салыстырған сәтте де,
Мақтануға тұрарлықтай маң қазақ.

Ел еңселі, қонған бүгін басқа бақ,
Ізіне еріп жаңа қазақ, жас қазақ,
Тәуелсіздік туын биік көтерген,
Атақазақ – бар қазаққа бас қазақ.
* * *
Мың тоғыз жүз қырқыншы жыл, шілде еді,
Өткенімен ашаршылық күндері,
Басылмаған қуғын-сүргін дүрмегі,
Кезең ғой ол өзінше бір күрделі.


Ел тыныштық, соғыс әлі болмаған,
Сүргін көрген ердің орны толмаған,
Осынау бір қиын кезде өмірге,
Сәби келді қос қанатын қомдаған.

Иә, сол жылғы жадыраңқы жаз еді,
Ауыр кезең, той-думандар аз еді.
Дүниеге жаңа перзент келді деп,
Сүйіншілеп, тойлап жатты мәз елі.

Сүйінші бер,
Сүйінші бер,
Сүйінші!
Елді шақыр,
Бар жақсылар жиылсын.
Дастархан жай,
Қымыз, шарап құйылсын.
Бүгін той ғой, көрген көңіл сүйінсін.


Сүйінші бер!
Кең даланың төрінде,
Асқаралы Алатаудың белінде,
Жер жәннаты Жетісудың жерінде,
Алпамыстай сәби келді өмірге.

Сүйінші бер,
Қуанышқа сүйін де,
Жаратылған елін, халқын сүюге,
Жарайтұғын қамқа тонды киюге,
Ұл туылды Әбіштің бұл үйінде.

Сүйінші бер!
Сараң болма тым қатты,
Ұрпақтарға жалғап тағы ұрпақты,
Әлжан ана перзент көрді, ұл тапты.
Дала солай сүйіншілеп тіл қатты.

Сүйінші бер!
Келді өмірге нәресте,
Еңкеймейтін ерлер еңсе теңессе,
Абылайды салатындай әлі еске,
Ұл туылды,
Бақыт осы емес пе?!

Сүйінші бер!
Сүйіншіге тарылма,
Бақыттымыз батыр ұлдар барында,
Соларменен түгел малы-жаның да,
Соларменен тағың, бағың бабында.

Сүйінші бер!
Сүйеу болар ұл туды.
Сүйіншілеп асқар биік шың тұрды,
Сүйіншілеп көкте күліп күн тұрды.
Соны көріп, дүние түгел құлпырды.

Сүйіншілеп шілдехана тойланды,
Сүйіншілеп көңіл біткен жайланды.
Содан кейін отырғандар жиналып,
Нәрестеге ат қоюды ойланды.

Ат қою да шын жауапты жақсылық,
Мұндай сәтте ойда тұрар жақсы үміт.
Нәрестенің қою жөнін есімін,
Тұрды халық аталарға тапсырып.

Ардақтаумен осы тойға шақырған,
Ақсақалдар сала отырып ақылға,
Нұрлы жолға бастар сұлтан болсын деп,
«Нұрсұлтан» деп қойды ұлдың атын да.

Сүйінші бер!
«Нұрсұлтан» деп ел тұрды.
«Нұрсұлтан» деп сыбырлаумен жел тұрды.
Домбырадан төгіліп күй шертілді,
Ән шырқалды,
Көңілдер де желпінді.

Сүйінші бер!
Сүйінші деп ел кетті,
Сүйіншілеп дала бесік тербетті.
Сүйген ұлы сүйеуменен өсірген,
Сүйікті елдің бауырында ержетті.


Сүйінші бер,
Езу тартып күлді деп,
Сүйінші бер,
Тәй-тәй басып жүрді деп,
Сүйінші бер,
Ақыл-есі кірді деп,
Бір-бірінен сүйіншілеп жүрді көп.

Сүйіншілеп, сүйеп жүріп халық та,
Сүйікті ұлын айналдырды алыпқа.
Өсе келе өзі туған қазақты,
Шығарар деп үміт артты жарыққа.

Сүйіншілеу ата қазақ дәстүрі,
Сүйіншімен өтті оның жас күні.
Сүйген елдің құшағында есейіп,
Алшаң басып асулардан асты ұлы.

«Сүйінші бер! Сүйінші!» дер бұл қазақ,
Қазақ үшін сүйеніш қой ұл ғажап.
Сүйіншілеп өсірген ұл ержетіп,
Таңдады ол жарқын жолды нұрлы, азат.

Сүйінші бер!
Өсті солай сүйікті ұл.
Қуаныштан төбе көкке тиіп тұр.
Сүйеніш деп халқы оны сүйіп тұр,
Мәртебесін, Алла, өзің биік қыл.
* * *
Жігер – жалын,
Жүрегі от,
Жыры көп,
Шаттығы мол,
Шапағатты нұры көп,
Сыйлығы зор,
Сынағы көп,
Сыны көп,
Балалық шақ – ерекше шақ сыры көп,

Арманы көп,
Мақсаты көп,
Үміт көп,
Күлдіретін күндей өзі күліп кеп,
Қаперінде титімдей де күдік жоқ,
Осы шақтан асқан сірә ұлық жоқ.

Сағыну көп,
Жаңылу көп,
Күту көп,
Ұмтылу көп,
Ұтылу көп,
Ұту көп,
Қайғыру жоқ,
Қабағыңды шыту жоқ,
Құяды ол жанға асыл құтын тек.

Жүгіру көп,
Сүріну көп,
Жүру көп,
Үңілу көп,
Ұғыну көп,
Білу көп,
Ұрыну көп,
Жығылу көп,
Жығу көп,
Бар болғаны қиын бәрін ұғу тек.

Талпыныс көп,
Серпіліс көп,
Сенім көп,
Жеңілісің,
Жеңісің көп,
Желің көп,
Кереметтей кемісің жоқ,
Кемің жоқ,
Осы шақтан артық сірә өмір жоқ.

Қызуы көп,
Қызығы көп,
Ойын көп,
Таситын да,
Жаситын да ойың жоқ,
Қиналсаң да,
Қысылсаң да уайым жоқ,
Балалыққа тек ешқашан тойым жоқ.

Шаттығы мол,
Бақыты мол бала шақ,
Өмірдегі тәтті кезең қарасақ.
Соғыс жылы тәй-тәй басқан сәбиді,
Күткен сонда алдан ғажап болашақ.

Ауыр келді балғын шақтың өткелі,
Сұрғылт еді сол жылдардың көктемі.
«Соғыс» болды естігені алдымен,
«Жеңіс» болды санасы алғаш жеткені.

Ол жылдардың ойлауы да басқаша,
Ол жылдардың ойнауы да басқаша.
Ол жылдардың мұңдары да басқаша,
Ол жылдардың тойлары да басқаша.

Аз болмаған ол жылдардың азабы,
Қарақағаз келетұғын азалы.
Қара су мен қара нанды қажады,
Қарасуық алатұғын мазаны.

Ел жүретін малын бағып, егіс деп,
Еңбегіңе ынталы еді тегіс көп.

Аяп қалмай, барын берді «жеңіс» деп,
Ойламайтын пәлен нәрсе кеміс деп.

Еңбектеуден еңбек жолын бастады,
Ешқандай да қиындықтан қашпады.
«Марс» шайнар бүгінгінің баласы,
Масақ жиды ол кездердің жастары.

Ерекше ғой Үшқоңырдың жайлауы,
Қызық еді балалықтың сайраны.
Қиын кезде-ақ алып-ұшып көңілі,
Атша шауып, атой салып ойнады.

Талай-талай ақылды да, мықты да,
Бала кезде өмір мәнін ұқты ма?!
Алысатын, жығылды да, жықты да,
Шомылды да, тау шыңына шықты да.

Жанарында алаулаған от жүрді,
Балалармен асық атты, доп қуды.
Бар болғаны таудай болды талабы,
Өзгелерден көп ізденді, көп білді.

Ашқұрсақтау ол кездердің баласы,
Кеш келеді жұмыста ата-анасы.
Үйді жайлап келгенінше шамасы,
Білім қуды жеткенінше санасы.

Талпыныс мол талапты ұлдың бойында,
Терең білім жүрді оның ойында.
Ерте тұрып, жол алатын мектепке,
Шүберектен сөмке асып мойынға.

Қызық еді-ау сол бір балаң күндері,
Қайғыруды, мұңаюды білмеді.
Елең-алаң ескі киім ішінде,
Ең алғашқы махаббаты гүлдеді.

Аз болмайтын ойда мұрат, арман да,
Шын қиялдап, шыңға көзді салғанда,
Барыс болсам деп қоятын ішінен,
Тау барысы жайлы ести қалғанда.

Тау баласы тауға қарай беретін,
Таудай жігіт боларына сенетін.
Қалықтаған қыран құсты көретін,
Қыран құстай ұшқысы да келетін.

Жеңсем дейтін ауыр-ауыр сындарда,
Қансам дейтін қиын, жұмбақ сырларға.
Тайбурылдай тұлпар басып тақымға,
Шықсам дейтін көк тіреген шыңдарға.

Қызықтарға, қиындыққа толы да,
Өзінше ғой балғын шақтың жолы да.
Елмен бірге араласты еңбекке,
Атестатты алдыдағы қолына.

Аяғында мата-шұлғау, керзі етік,
Жастайынан маңдайын көп терлетіп,
Келешекке үміт артқан сол бір жас,
Үшқоңырдан ұшып шықты ержетіп.
* * *
Байтақ елде ұсамайтын басқаға,
Теміртау – бұл жарқын қала, жас қала.
Кезіндегі ең екпінді құрылыс,
Жалын жастық, комсомолдық бастама.

Тек өзіне көңіл бөлген ел дара,
Теміртау – бұл кемел келбет кен қала.
Сол қалаға көз тігетін кең дала,
Сол қалаға құмартатын ен бала.

Ағып жатқан темір балқып, домнада,
Теміртау – бұл құрыш қала, зор қала.
Қолдарында комсомолдық жолдама,
Талай жасты қарсы алған сол қала.

Сындарлылық танытқан сан сында да,
Берік құйған болат қала – бұл қала.
Жалын атқан жастығының куәсі,
Нұрсұлтанның жүрегінде тұр дара.

Басқалардан артық тұрар бағасы,
Теміртау – бұл металлургтер қаласы.

Жетелеп кеп асау арман осында,
Бауыр басты Үшқоңырдың баласы.

Өзіне тән салтанаты, сәні бар,
Қызықтардың, қиындықтың бәрі бар,
Өрелі істің, өкініштің дәмі бар,
Жастық шақты адам сөзсіз сағынар.

Тайсалмастан жеңе жүріп қиынды,
Бұл қалаға жігіт шағы бұйырды.
Днепродзержинск мектебінен өтті де,
Теміртауда құрыш болып құйылды.

Осы жерде алау болып шалқыды,
Осы жерде болат болып балқыды.
Осы жерде жетілдірді білімін,
Ізденіспен өтті оның әр күні.

Осы жерде көрді өмірден бар сыйды,
Осы жерде жаны қалап, жар сүйді.

Перзенттері дүниеге келді де,
Өміріне шапағатты нәр құйды.

Осы жерде талабын да ұштады,
Металлург боп, қолымен от ұстады.
Мойытпады тағдырының қыспағы,
Өтті өмірдің ең бір қызық тұстары.

Осы жерде үйренді ол, үйретті,
Өмір талай жоспарларын күйретті,
Үміт, сенім алға қарай сүйретті,
Еңбек оның басын елге сыйлы етті.

Қаймықпастан қарсы ұмтылып жалынға,
Осы жерде сынады шын бағын да.
Осы жерде қанат бітіп арманға,
Ойға алған алғаш елдің қамын да.

Артқа тастап жыл артынан жылдарды,
Өзі де оның болаттай боп шыңдалды.
Сынақтардан өтіп сонда сындарлы,
Мұраттарға жетіп, жаны нұрланды.

Ыстық цехта, домна пеште от өріп,
Еңбегінің өтемі де өтеліп,
Теміртау бұл кете барған оны да,
Биіктерден биіктерге көтеріп.

Бір кездегі тау баласы бұйығы,
Қанат қатып, қомдай түскен иығын.
Жұмысшыдан басшылыққа сайланып,
Басқарды ол партияның ұйымын.

Кеңестік кез ерекше шақ ұққанға,
Саясат та, сайқалдық та мықты онда.
Комсомолдың төсбелгісін тағынып,
Компартия шекпенінен шықты ол да.

Ел жақтаса коммунизм мұратын,
Бұған бола кінәлайды сірә кім?
Өзінше бір идея еді арбаған,
Көкейлерде үлкен үміт тұратын.

Ол да өзінің дәуірінің перзенті,
Сондай кезде еңбек етті, ер жетті.
Жұмысшыдан жетті өсіп басшыға,
Іскерлікпен ізіне ертті ен көпті.

Талпыныспен, ұмтылыспен күн өткен,
Дәуір оны тәрбиелеп, дүр еткен.
Мәңгілікке шықпайтыны жүректен,
Оны осы Теміртау ғой түлеткен.

Белес-белес өмірінің дастаны,
Алда күткен асу белдің асқары.
Теміртау – бұл жалын атқан жас шағы,
Теміртау –бұл болашақтың бастауы.

Қиыны да, қызығы да көп тегі,
Ол жылдардың білген жанға жоқ кемі.
Теміртау – бұл өмірінің көктемі,
Теміртау-бұл шынығудың мектебі.
* * *
Еске түссе өткен күндер елесі,
Білінеді дәуір жеңіл емесі.
Хатшылық пен Министрлер Кеңесі,
Өмірінің ол да өзінше белесі.

Айта берер тоқыраудың кезеңі,
Халықтың да шын қиналған кезі еді.
Өгей болып Кеңес атты өз елі,
Қазағымның өртке оранды өзегі.

Мәскеу жақта өзімшілдік сонда да,
Бастадық деп өздерінше жол дана,
Қонаевты бір-ақ сәтте түсіріп,
Таққа отырды Колбин деген қолбала.

Ескерілмей қазағымның қалауы,
Тез тұтанған Желтоқсанның алауы.
Қалың қазақ бас көтерген сол күннен,
Басталады жаңа тарих тарауы.


Бар әңгіме намыста еді, арда еді,
«Арым үшін шын садаға жан» деді.
«Қоқаңдатпай қолбалаңды алып кет,
Ел басқарар өз ұлымыз бар» деді.

Ол күндері ақыл-ойға жоқ тыным,
Жастарды ойлап, жаны күйді, шекті мұң.
Айла іздеп, арбасумен өтті күн,
Ұйқы көрмей өткізетін көп түнін.

Мәскеу жөнсіз теріс жолды таңдады,
Баспақ болды елге қара таңбаны.
Ұл – қыздарын жапқанымен қамаққа,
Батыр халық күресуден танбады.

Иттерін кіл арланбаған «бәс» деуге,
Беті қайтып қаражүрек таскеуде,
Қолбаласын амалсыздан ақыры,
Алып кетіп тынды сонда Мәскеуге.

Арға тиіп, тауысқанда төзімін,
Батыр халық таныта алған өз үнін,
Ойланбастан хатшылыққа бірінші,
Бірауыздан сайлап алды өз ұлын.

Болмағанмен бәрі дұрыс, бәрі анық,
Ол кезеңнің әрбір күні жаңалық.
Жүретін ел берік одақ саналып,
Танытты кеп алабөтен алалық.

Ел ішінде жағдай туды төтенше,
Еркін қоғам құрмақ болдық шетелше.
Бір елдегі бірге жүрген халықтар,
Бір-бірінен үркіп тұрды бөтенше.

Түсінем деп түсінбейсің көп істі,
Қарабахта екі халық соғысты.
Қарап жүріп түлен түртті орысты,
Өздерінше биліктерін бөлісті.

Балтық бойы отау тікті оңаша,
Ал орталық оң көрмеді оны аса.
Жәй халыққа түсініксіз қараса,
Көзқарастар пайда болды жаңаша.

Тың идея жаулап алды сананы,
Есе берді демократия самалы.
Биліктегі Компартия жабылып,
Кеңестік зор империя тарады.

Осы жәйттер тынышына қоймады,
Мың толғанып, елдің қамын ойлады.
Саясаттың сахнасында ойнады,
Көз жүгіртіп болашаққа бойлады.

Сан түйіннің табу керек шешімін,
Сан қиынның айту керек кесімін.
Аман шығып арасынан алаудың,
Ашу керек жаңа қоғам есігін.

Жанды қысқан түсті талай сынаққа,
Жауап таппай қиналды көп сұраққа.
Жетеміз деп тәуелсіздік – мұратқа,
Алаңдамай алға ұмтылды бірақта.


Сөйте жүріп егеменді ел болдық,
Жеке отау тігуді біз жөн көрдік.
Бодандықтан босандық та қуандық,
Басқалармен тереземіз тең болдық.

Тәуелсіздік іргетасын қалаған,
Сол күндерде сенім артты ел оған.
Жаңа дәуір, жаңаша, тың жол іздеп,
Қоғам құрдық түбегейлі жаңадан.

Көп нәрсені түсінбедік әлі біз,
Шүберекке түюлі еді жанымыз.
Елде өткен ең алғашқы сайлауда,
Оның үшін дауыс бердік бәріміз.

Солай болды халықтың шын байламы,
Үміт күттік келер күннен жайдары.
Елімізде Президентке алғашқы,
Нұрсұлтанды халық өзі сайлады.

Елбасыны ұлықтайтын сәт жетті,
Жарқылдады, жанарда от жалт етті.

Ата заңды алып тұрып қолына,
Халқы үшін адалдыққа ант етті.

Көре жүріп талай түрін азаптың,
Қиындықпен келген бізге азат күн.
Сын сағатта Назарбаев Нұрсұлтан,
Туын жықпай ұстап қалған қазақтың.

* * *
Сонау жылы тағы да сол желтоқсан,
Болды оқиға көптен күтіп, ел тосқан.
Тәуелсіздік жариялап қазағым,
Жаңа заман, жарқын күнге жолды ашқан.

Тас-талқан қып бодандықты ол жойды,
Кім ұмытар сол қуаныш, сол тойды.
Ең алғашқы Президенті елімнің,
Тәуелсіздік жайлы заңға қол қойды.

Қайран қазақ бастан бәрін өткерді,
Сан ғасырлар тауқыметті көп көрді.
Тәуелсіздік туын тіккен осы күн, -
Халқым үшін арман еді көптенгі.

Шешілді деп көкейдегі көп түйін,
Ел тойлады тағдырының бұл сыйын.
Сол сәттегі қуанышын халқымның,
Толық айтып жеткізу де шын қыйын.

Елең етіп әрбір сәтке, әр үнге,
Толып-тасып қуандық шын мәнінде.
«Еркінбіз біз, егемен ел болдық» деп,
Мың шүкірлік еттік сонда Тәңірге.

Еркіндіктің туын ұстап, қолға алып,
Белгіледік болашаққа жолды анық.
Тәуелсіздік мәні жайлы Нұрсұлтан,
Сол бір сәтте ақтарды ойын толғанып:

«Бабалардың бастан арман, мұраты,
Тәуелсіздік – шырын сөздің шұраты.
Кең далада еркін тірлік сүрген ел,
Егемен – бұл ер қазақтың бір аты.
Сан ғасырды аңсай жүріп өткерген,
Қуғын –сүргін қияметті көп көрген,
Қазақ үшін тәуелсіздік шын бақыт,
Халқымызды мақсатына жеткерген.

Осы күнге құмар болған бар текті,
Оның үшін азапты да сан шекті.
Абылайлар арпалысы тек емес,
Қабанбайлар бүгін үшін қан төкті.

Мақсат жоқта өміріңде мән кәне?
Тәуелсіздік сондықтан да ән көне.
Махамбеттің мерт болуы сол үшін,
Соның үшін басын тікті хан Кене.

Талай жылдар тыңдап өстік жат үнді,
Жаттың үні улады анық ақылды.
Егемендік аңсағаны үшін де,
«Алашымның» асылдары атылды.

Ызғырынды күндер өтті ызғыған,
Сан кіжіндік, бойда талай қызды қан.
Қайраттардың қиып қыршын өмірін,
Желтоқсанда жеттік әзер біз бұған.

Енді қайтсек қазақ болып қаламыз?
Болашаққа қай деңгейде барамыз?
Бодандықтан қайтсе арылар санамыз?
Соны ұқпасақ көк тиын бар бағамыз.

Ойланатын талай істер бар тағы,
Тіліміз де, діліміз де жарты әлі.
Егемендік еншімізге тиген бұл,
Мойнымызға ауыр міндет артады.

Өмір анық түбегейлі өзгерді,
Өзгергенін міне, халқым, көз көрді.
Тәуелсізбіз, не күтеміз өзге енді?
Ойлан, қазақ, шын сыналар кез келді!»

Өр дауыспен болашаққа үндеген,
Осылай деп сөйледі ол мінбеден.
«Қазақ қайтсе нағыз қазақ болар» деп,
Жанын қинап, тынымды ол білмеген.

Егемендік енші болса ер елде.
Сенбеңіздер оңай келді дегенге.
Сынып кетпей ауыр-ауыр сындарда,
Ел шыдады ұсап нағыз еменге.

Тәуелсіздік құрып солай салтанат,
Халық тұрды ауыр міндет арқалап.
«Қазақ енді қандай жолды таңдар?» деп,
Елең қағып, құлақ түрді шарттарап.

Бүгіндері күліп атса таңымыз,
Тәңірге мың тәуба дейміз тағы біз.
Сын сағатта ең алғашқы Президент,
Нұрсұлтанның ізіне ердік бәріміз.

Арқа сүйеп ел бастаған ұлдарға,
Қиналсақ та төтеп бердік сындарға.
Сенімменен жылды жалғап жылдарға,
Тайсалмастан түрен салдық тыңдарға.


Жалғыз бізде бұлтартпайтын шындық та,
Жасампаз қып жаңа қоғам құрдық та,
Көшбасшымыз Назарбаев басқарып,
Алға ұмтылдық, аяққа нық тұрдық та.

* * *
Бодан кезде болған бізде нұрсыз таң,
Қаптап кетті тілсіз, ділсіз, дінсіз жан.
Қарыны тоқ, көңілі аш болған соң,
Қазақ қайдан еңсе тіктеп, жүрсін паң.

Сол кезеңде әр күніне шын сын тән,
Қажет болды біздің елге бір сұлтан.
Қазағымды нұрлы жолға бастаған,
Осы кезде таққа отырды Нұрсұлтан.

Содан бері ел басқарса Нұрсұлтан,
Ол жүргізген саясатқа тылсым тән.
Даралығын, даналығын әлемнің,
Мықтылары мойындады үнсіз сан.


«Қазақ» десе айтылады Нұрсұлтан,
«Азат» десе айтылады Нұрсұлтан.
Біздің елді көрген кісі таң қалып,
«Ғажап» десе айтылады Нұрсұлтан.

«Ерлік» десе елестейді Нұрсұлтан,
«Теңдік» десе елестейді Нұрсұлтан.
«Бірлік» десе елестейді Нұрсұлтан,
«Елдік» десе елестейді Нұрсұлтан.

Бір кездері болат құйып, балқытқан,
Бүгін оны халқы сүйіп, хан тұтқан.
Биік ұстап тәуелсіздік жалауын,
Өзі емес пе Әнұранды шалқытқан?!

Елдің мұңы жанына оның шын батқан,
Ауыр күнде күш-жігерді шыңдатқан.
Көтеріліп биік-биік мінберге,
Кең әлемге қазақ үнін тыңдатқан.

Сезімдерде сенім отын жандырған,
Сарыарқада Астананы салдырған.
Қазағымның төл теңгесін шығарып,
Бетінде оның қолтаңбасын қалдырған.

Бара жүріп, жат жерлерден дос тапқан,
Батыл-батыл реформалар бастатқан.
Жойқын елде жойып атом қаруын,
Сын сағатта сынақтардан бас тартқан.

Біртуар бас қолбасы да Нұрсұлтан,
Идеялар домнасы да Нұрсұлтан.
Қазақтағы ең бірінші Президент,
Ел тұтқасы – Елбасы да Нұрсұлтан.

Халқы үшін тыным таппай жүгірген,
Атазаңға, әділетке жүгінген,
Алға қойып Барыс болу мақсатын,
Батылдықпен болашаққа үңілген.

Ер, егемен елмен бірге бел асқан,
Құшақ жайып, әлемге есік кең ашқан,
Төраға боп ұлағатты ұйымға,
Ескі құрлық Европаға жол ашқан.

Қыйын сәтте халық саны қыйнаған,
Қиыстырып «Нұрлы көшті» сыйлаған,
Атажұртқа қандастарды оралтып,
Жер жүзінен қазақтарды жыйнаған.

Бар ауырды мойынға артқан Нұрсұлтан,
Бар халықтың ойын тапқан Нұрсұлтан.
Бар елдерге қазақ деген халықтың,
Мықтылығын мойындатқан Нұрсұлтан.

Ол басқарып өтті қазақ мың сыннан,
Енді бірлік, бақыт, байлық құрсын сән.
Көгімізде көк туымыз желбіреп,
Мәңгі бақи күліп атып тұрсын таң.

* * *
Тағдыр қинап, не көрмеді бұл қазақ?
Бастан кешкен қилы заман, түрлі азап.
Тік көтеріп тәуелсіздік көк туын,
Атақазақ бодандықтан қылды азат.

Атақазақ – дара қазақ, дүр қазақ,
Шырқау шыңға шырақ жаққан шын қазақ.
Атақазақ – елдің нағыз перзенті,
Назарбаев Нұрсұлтан деп тұр қазақ.

Бақыт құшқан бар халқынан бата алса,
Ауыр жүкті алға сүйреп атанша,
Іске асырған ата-баба арманын,
Артық па ол Атақазақ атанса.

Бодандықта өткен жоқ па сан заман,
Сол заманнан қазақ бәзер қалды аман.
Атақазақ –дәуірінің перзенті,
Ана туып, халық өзі таңдаған.

Есімханның ескі жолын шарлаған,
Қасым салған қасқа жолдан танбаған,
Қазақ үшін Абылайдың ақ жолын,
Нұрсұлтанның нұрлы жолы жалғаған.

Егемендік орнап елде мәңгілік,
Арайланып атты жарқын таң күліп.
Атажұртты азат қылған ер ұлдың,
Атақазақ атануы заңдылық.

Қарап тұрсаң қарапайым жәй қазақ,
Бүгін бүтін, бақытты да бай ғажап.
Елін сүйген, елі сүйген Елбасы.
Атақазақ емес дейді қай қазақ?!
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ұлттық құндылықтар
Күні 31.05.2026