Көш

Ұлттық құндылықтар

(поэма) Қаратауға қарасаң көш барады, Алатауға қарасаң көш барады. Ақтау жаққа қара...

(поэма)
Қаратауға қарасаң көш барады,
Алатауға қарасаң көш барады.
Ақтау жаққа қарасаң көш барады,
Арқа жаққа қарасаң көш барады.

Асып түсіп асудан асқаралы,
Басып өтіп кең байтақ бос даланы.
Улап-шулап, шұбырып, азап шегіп,
Қай жағыңа қарасаң көш барады.

Бетбақдала, құм белді кесіп өтіп,
Қиян шөлді, өзенді кешіп өтіп,
Үрейленіп, үркектеп, есі кетіп,
Бара жатыр қазақтың көші кетіп.
Жүрер жолдың білмей-ақ жүйелерін,
Жүгін артып, жетелеп түйелерін.
Арып-ашып, артына жалтаң қағып,
Көш барады тәрк етіп киелі елін.

Жара қосып жанының жарасына,
Қайғы жұтып әке де, баласы да,
Көшке еріп барады азап шегіп,
Сыймай байтақ қазақтың даласына.

Туған жерді қиюдың қиыны анық,
Етек-жеңін қайтарып, жиып алып,
Қарттар кетіп барады көш соңында,
Белбеуіне топырақ түйіп алып.

Кең дүние тарылып, тұншығады,
Бұлтқа батып қап-қара күн шығады.
Әйелдердің естілер сыңсығаны,
Азаматтан азалы үн шығады.

Қаралы көш халқыма шын сын еді,
Бойда жатқан бұл шемен мұң, сыр еді.
Жігері жер еңкейген елмен бірге,
Бүкіл дала күңірене күрсінеді.

Қонған жерге от жағып, тоңды ойып,
Тамақ ішпей жарытып, жөнді тойып,
Қайта оралар заманнан үміт етіп,
Жол жағалай өзінше белгі қойып.

Бар қайғысын мұңды ән, күйге ендіріп,
Қыз-жігітті тойсыз-ақ үйлендіріп,
Келіндерін қоршауда босандырып,
Көңілдерін соған да күйлендіріп,

Тіршілігі тым ауыр, кермек, кетік,
Өлгендерін жол бойы жерлеп кетіп,
Жан түршігер зарлы үнмен жоқтау айтып,
Көш барады ілгері өрлеп кетіп.



Түйелері жарамай шөгіп қалып,
Ұры талап, малдарын бөліп алып,
Арпалысып көшкен көш ағып-тамып,
Бір қараға ілінер өліп-талып.

Қимайтұғын жекжат пен дос қалады,
Тігулі үй, жығусыз қос қалады.
Аналары жетелеп жас баланы,
Жанарынан моншақтап жас тамады.

Болмаған соң көшуден басқа амалы,
Дала кезіп, жөңкіліп көш барады.
Бытырадай қазақты бытыратқан,
Босқын тарих солардан басталады.

***
Көшпенділер десе шын көшкен елміз,
Көшіп-қонып тіршілік кешкен елміз.
Ен даланы кең жайлап, өмір сүріп,
Көше жүріп өркендеп, өскен елміз.


Көшпенділік көнеден жеткен бізге,
Білем десең тарихтан өткенді ізде.
Малға өріс, өзіне қоныс іздеп,
Көше берген жаз бен қыс, көктем, күзде.

Шығара алмай жүрсек біз санамыздан,
Көшпенділік шынында бабамыздан.
Кезе жүріп кең жерді Дәшті қыпшақ,
Несібені тергенбіз даламыздан.

Бабаларым даналық ісіменен,
Батыр жүрек, білектің күшіменен.
Көше жүріп, қорғаған байтақ жерін,
Өткір қылыш, найзаның ұшыменен.

Көшу сонау Скиф пен Сақтан қалған,
Қас Сақ бабам жасаған шақтан қалған.
Көше жүріп ұрпағын сақтап қалған,
Ауыр жұттан, аяусыз жаттан, жаудан.

Дала төсі қарасаң тұнған аңыз,
Көшіп жүрген Оғыз бен Ғұн бабамыз.
Қарап тұрсаң тапталған қайта-қайта,
Көшіменен түркінің бұл далаңыз.

Қас батырлық сезілер тұрысынан,
Аман қалған қазақ сан ұлы сыннан.
Көше жүріп, жойылмай аман қалдық,
Атышулы Зұлхарнайын қылышынан.

Құрып кетпей сан қилы сын тұстарда,
Көше бердік бұл тағдыр шын қысқанда.
Түгел жаулай алмаған бұл қазақты,
Жарты әлемді билеген Шыңғысхан да.

Баса көктеп басып бұл жат табаны,
Даламызды белгілі таптағаны.
Қарап жүрген қазаққа күн көрсетпей,
Қара қытай белгілі қаптағаны.

Мал баққанмен ешқашан жан бақпаған,
Халықпыз біз намысын ардақтаған.
Енді тыныш тіршілік кешем десе,
Күн бермеген жәуміт пен қалмақ та оған.

Іргесі бір көршіміз Қоқан да оған,
Күш көрсетіп, кезінде қоқандаған.
Амал жоқта болам деп арқасүйер,
Алып көрші ақыры отарлаған.

Бірте-бірте осылай орыс келген,
Тәуір жерден соларға қоныс берген.
Ығып көшпей қайтеді сосын қазақ,
Осылайша тағдыры теріс келген.

Дейсің бүгін «қазағым неге өспеді»?
Көшпенді ел басынан не кешпеді.
Тағдырының белгілі егескені,
Тарихының тым ауыр белестері.

Қашқан, көшкен, қаңбақтай домалаған,
Солай тірі қалуды жобалаған.
Қайран қазақ, көшке еріп өсе-өсе,
Келе жатыр жойылмай содан аман.


Біздің тағдыр тым ауыр ұққан жанға,
Малы-жаны, айналған түк қалмауға.
Нағыз жұтаң, жұқарған жұттардан да,
Көшу бізді аман-сау құтқарған да.

Қарап тұрсаң қазақтың күні мұңды,
Жалғыз емес Ақтабан шұбырынды.
Көше жүріп одан да есен өттік,
Көру үшін аман-сау бүгінімді.

Бұйырғанды теріп жеп, несібе деп,
Келе жатқан ел едік өсіп ерек.
Қайта-қайта тұратын есіңе кеп,
Өткен ғасыр өткізген көші бөлек.

Түсініксіз тарихта оң-терісі,
Болып өтті қызылдар төңкерісі.
Содан кейін қазағым көштен қалып,
Қиын болған тіршілік, күнкөрісі.

Аз болғандай халқымның бұрын мұңы,
Жаңа дәуір көбейтіп жырындыны,
Жарлы болып, бай болып, белсенді боп,
Сатып жатты қысылмай бірін-бірі.

Тартып алып өсірген, тапқандарын,
Тәркілесе қолдағы баққан малын.
Босып кетпей қайтеді мына қазақ,
Арыстарын көрген соң атқандарын.

Жанын қысып жұтың да, аштығың да,
Көргеннен соң сатқындық, қастығын да,
Ауа көшіп жат елге талай қазақ,
Шекарадан амалсыз асты мұңда.

Басын жұтып талайдың ұрыс тынды,
Тың көтеріп, қолайсыз жұмыс қылды.
Көшіп келген өзге елден келімсектер,
Қазақ көшін шеткері ығыстырды.

Ғасыр көші жақпады тегі бізге,
Көше-көше тозды бұл жеріміз де.
Көше-көше, амалсыз боса-боса,
Аз боп қалдық қазақ өз елімізде.

***
Белден асып, қыраттан, қырдан асып,
Шөлді басып, тау-тасты, құмды басып,
Қазақ көші барады тоқтамастан,
Бірде түзу, жолынан бірде адасып.

Белестерден қинала бірге асып,
Бір мұңайып, бәріне бірге жасып,
Сан тайпалы, сан әулет осы көште,
Бірге босып, барады бірге қашып.

Шүберекке түйіп ап жанды мына,
Қия салып аттарды нар құмыңа,
Боса көшкен сол жұрттың барлығы да,
Лағнет айтып тұратын тағдырына.

Туған жерін тастаған кең, шұрайлы,
Қарай-қарай артына ел жылайды.
Алдарынан жолығып Абыз ата,
Көрген көштен тоқтатып, жөн сұрайды.


-Қазақ, қайда барасың?
-Босып барам,
Атажұрттан амалсыз көшіп барам.
Заман мұндай болар деп тосып па адам,
Қимастықты басымнан кешіп барам.

-Қазақ, қайда барасың?
-Ауып барам,
Біздің жерге ел бар ма жауықпаған.
Аумас едім төніп тұр қауіп маған,
Жаттан қоныс сондықтан тауып барам.


-Қазақ, қайда барасың?
-Қашып барам,
Көріп зорлық, зомбылық сасып барам.
Қиналғаннан көңілім жасып барам,
Белгісіз жер, қиянға асып барам.

-Қазақ, қайда барасың?
-Кетіп барам,
Білмеймін мен қай елге жетіп барам,
Тағдырыма шын нала етіп барам.

-Қазақ, қайда барасың?
-Безіп барам,
Амалым жоқ әлемді кезіп барам.
Қиындықтың боларын сезіп барам,
Не болса да көнемін, төзіп бағам.

-Қазақ, қайда барасың?
-Жылжып барам,
Қалай көніп жүреді құлдыққа адам.
Туған жерден бұйырмас тірлік маған,
Бейтаныс ел, бейтаныс құрлық барам.

-Қазақ, қайда барасың?
-Алыс барам,
Кезім бар ма тағдырмен алыспаған.
Босқыншылық қашаннан таныс маған,
Білмедім тек қай жерден қоныс табам.


-Қазақ, қайда барасың?
-Жүріп барам,
Көшпес едім қырылып, құрып барам.
Құрып кетпеу қалайда керек бізге,
Тәуекелге басымды тігіп барам.

-Қазақ, қайда барасың?
-Маңып барам,
Лағнет айтып тағдырға налып барам.
Әулетіммен жойылып кетпеу үшін,
Ұрпағымды алысқа алып барам.

Кімді көрсе осылай тіл қатады,
Әңгіменің артында сыр жатады.
Сыр жататын себебі мұң жатады,
Айтқан сөзі сол мұңды аңдатады.

Көрген жағдай жер етіп бар жігерін,
Қан жылатып, тілімдеп жан жүрегін,
Көшкен көштің артынан Абыз ата,
«Аман жет» деп айтады ақ тілегін.

Содан кейін қиялға бойлап, тынып,
Көңіліне қапалық, қайғы ап тұрып,
Күбір-күбір сөйлейді өз-өзінен,
Ел ертеңін еріксіз ойлап тұрып.

«Қайран қазақ, көп сенде қаралы күн,
Куәсі ғой кең байтақ дала мұның.
Қайта шығып жарқырап жаңа күнің,
Бітер ме екен бұл сенің нала мұңың.

Не көрмедің, тегінде, не көрмедің?
Сан қырғында жойылар, өлер дедім.
Көшіп-қонып жүргенің болар ма екен?
Құрып кетпей сонда да көгергенің.

Міне, тағы барасың көшіп, босып,
Біле алмадым тұр қандай несіп тосып.
Барған жерде баянды тірлік кешіп,
Қайта оралсаң жарар ед өсіп, қосып.

Амалсыздан ұшырып қиял құсын,
Қиып кетіп барасың ұяңды шын.
Туған елден бақытың бұйырмаса,
Жат елге сен білмедім, сиярмысың?!

Туылып ең қазақтың ұлы болып,
Жүруші едің даланың гүлі болып.
Жат-жұрт сені жақынға санар ма екен?
Жарар еді кетпесең құлы болып.

Қанатыңды қырқар-ау сұңқар болсаң,
Тірсегіңнен қағар-ау тұлпар болсаң.
Жарар еді жат жерде жүріп қалмай,
Туған елге оралып, сұлтан болсаң.

Ең болмаса кетпедің бата алып та,
Өтер ме екен өмірің қапалықта.
Жаттың жерін паналап аз ғана күн,
Аман орал, азамат, атажұртқа».

Абыз ата осылай тілек тілеп,
Қала берер күрсініп, жылап-жүдеп.
Көшкен көштер алыстап бара жатты,
Зарлы үні құлақ пен жүректі жеп.
***
Не көрмеді, бұл қазақ не көрмеді?!
Босып кетті әлемге өрендері,
Шетте жүріп көркейіп, көгермеді,
Тек көңілде сағыныш көнермеді.

Босқанымен жойылып құрымаған,
Сақтай жүріп түбірлі тінін аман,
Ата-салтын, ардақтап дінін әмән,
Жеткерді олар бүгінге тілін аман.

Бөлекше бұл қазақтар шетте жүрген,
Ұйымдаса кетпейді текке бірден.
Қиындықты басқадан көптеу көрген,
Сағыныштың мәнін де көптеу білген.

Бүтіндігі халқымның даралығы,
Даралығы, өзгеден даналығы.
Қайда жүрсе ұмытпас атажұртты,
Бауырмал ғой басынан жаралуы.


Азап көріп, аштықтан қырылса да,
Қиындыққа сан түрлі ұрынса да,
Туған жерін ешқашан ұмытпаған,
Тағдыр теріс бетімен бұрылса да.

Елден бөлек өздерін сезінбеген,
Ата салттан аулақтап, безінбеген,
Ана тілін ешқашан ұмытпаған,
Жүрек-ділі ешқашан көз ілмеген.

Тойы болса қазақша ән салатын,
Жаңа жылды наурызда қарсы алатын,
Әзіл айтып, бір қулар алдай салса,
Аңқаулықпен қазақы тамсанатын.

Қариялар, ақылман даналарым,
Аталарым, мақтайтын бабаларын.
Баласының отырған есіне сап,
Артта қалған кең байтақ дала барын.

Жеті атасын жаттатып жетеліге,
Салып қойған оны да қаперіне.
Айта-айта сендірген атажұртқа,
Ақыры бір қайтадан кетеріне.

Әңгіме етіп өткенді жиылса көп,
Бейбітшілік тілейтін сиынса тек.
Өздерінше аталар отыратын,
Туған елден топырақ бұйырса деп.

Өсіп-өну санайтын бар мұратын,
Ұл үйленсе тектіден алдыратын.
Келін алса «қазақтың елі үшін» деп,
Ең алдымен бір сәлем салдыратын.

Жақсыларын ешқашан жасқамайтын,
Қай істі де батасыз бастамайтын.
Туған елдің бірлігін, бүтіндігін,
Ас қайырса батадан тастамайтын.

Мақсат тұтпас әйтеуір күн көргенін,
Түгендейді қандастың жүрген жерін,
Дүниеге кім кетіп, кім келгенін,
Кімнің қайда туғанын, жерленгенін.
Жан болғанмен шалғайда жырақ жүрген,
Туған ел деп жүрегі жылап, күлген.
Радиосы егерде сөйлей қалса,
Толқынына «Шалқардың» құлақ түрген.

Көкейінде бөлек бір ой тұратын,
Қазақылық жолына бой бұратын.
«Қайрат» ұтпай қалса да қайғыратын,
Қазақ жықты дегенде той қылатын.

Түркістанды екінші Меккем дейтін,
Амалсыздан елімнен кеткем дейтін.
Қиял шіркін сол жаққа алып-ұшып,
Ойы құрғыр шегіне жеткермейтін.

Алматыны байырғы астанам деп,
Астананы жаңа, жас бас қалам деп,
Көркейгенін көңілі медет тұтып,
Алаңдайтын алыста басқадан көп.

Елді айтса емен де иілетін,
Бір жақсылық білінсе сүйінетін.
Орыстанып барады ондағылар,
Дегенді естіп жандары күйінетін.

Егемендік алғанда егілген де,
Қуаныштан жастары төгілген де,
Шетелдегі көп қазақ үмітпенен,
Тілектес боп жүретін тегінде елге.

Шетте жүріп, Отанға ойын бөлген,
Елі барын көңілге тойым көрген.
Тәуелсіздік алды ел деген кезде,
Құрбан шалып, сол қазақ тойын берген.

Үміттері ақталды көптен күткен,
Көптен күткен, телміріп көктен күткен.
Туған елге оралу сәті түсіп,
Көңіліне қазақтың көктем біткен.

Тәуелсіздік арман ғой өмір бойғы,
Ол келді де бодандық тоңын жойды.
Көп ұзамай Президент Назарбаев,
Көші-қоны заңына қолын қойды.

Көштің жолын ашқан заң жанға жақты,
Биік-биік мақсаттар алда жатты.
Орындауға соларды бірге жүріп,
Елбасы өзі шақырды бар қазақты.

Елге оралу мақсаты бастан мына,
Қуантты ол кәріні, жастарды да.
Қарсы алып Нұрсұлтан көштің басын,
Кете барды «Нұрлы көш» басталды да.

***
Қаратауға қарасам көш келеді,
Алатауға қарасам көш келеді.
Ақтау жаққа қарасам көш келеді,
Арқа жаққа қарасам көш келеді.

Шартарапқа басында босқан еді,
Тәуелсіздік бастарын қосқан еді,
Атажұртқа асыққан алып-ұшып,
Қай жағыма қарасам көш келеді.

«Қазақстан – атажұрт, Отаным» деп,
«Тәуелсіздік атқан бұл нұр таңым» деп,
Көш келеді ағылып алыстардан,
Туған елге ұрпағын қосамын деп.

«Амалсыздан алыста қаңғыдым» деп,
Қайта-қайта қарғайтын тағдырын көп.
Көш келеді оралып ақ ниетпен,
«Бірге болсын халқыммен әр күнім» деп.

Бақыт таппай бай болып, жарлы болып,
Босып жүріп, қайғы-мұң, зарды көріп,
Көш келеді оралып шетте жүрген,
Бес миллион қазақтың алды болып.

Бытырадай әлемге шашыраған,
Қайта қосып қазақтың басын аман.
Көш келеді ағылып туған елге,
Асқар асу белдерден асып аман.

Жасап, жүру жат жерде жанға батқан,
Тәуелсіздік арайлы таң боп атқан.
Шығыс, батыс, түстіктен, арқа жақтан,
Қазақ көші келеді шартараптан.

-Қазақ қайдан келесің?
-Моңғол жақтан.
Ағайынмын арқайын, аңғал жатқан.
Ата-бабам қашаннан қоныс қылып,
Сол жақтарда өзінше мал, жан баққан.

-Қазақ қайдан келесің?
-Түрік жақтан.
Туысың ем сол жақта тұрып жатқан.
Бауырлас ел тартқан соң бауырына,
Тірлік етіп өзімше жүріп жатқам.

-Қазақ қайдан келесің?
-Ауған жақтан.
Атыс-шабыс, оқ борап жауған жақтан.
Бір кездері шекара асып кетіп,
Ағайынмын елімнен аулақ жатқан.

-Қазақ қайдан келесің?
-Өзбек жақтан.
Сағынышқа көңілім кез кеп жатқан.
Бұрыннан да ол жақта ата қоныс,
Мал мен жанның жағдайын көздеп жатқам.

-Қазақ қайдан келесің?
-Тәжік жақтан.
Несібемді сол жақтан жазып жатқан,
Ашаршылық жылдары босқанымда,
Ауа көшіп, сол жақтан азық тапқам.

-Қазақ қайдан келесің?
-Түрікпеннен.
Бүліктерден қашып ем үріккеннен.
Ел тәуелсіз болған соң қайта оралдым,
Не бар артық бүгінде біріккеннен.

-Қазақ қайдан келесің?
-Орыс жақтан.
Бастан елім сол жақта қоныс тапқан.
Бұрын бүтін халықтың бөлшегіміз,
Кең даланы мекендеп кеңіс жатқан.

-Қазақ қайдан келесің?
-Қытай жақтан.
Бүтін халық едік біз шұбай жатқан.
Шекараны бөлшектеп бір кездері,
Шет қалдырып біздерді былай қаққан.

-Қазақ қайдан келесің?
-Пакистаннан.
Алыс кеткем тағдырым шатысқаннан...
Осылай деп көш ағып келіп жатыр,
Арқа, түстік, шығыстан, батыстардан.

Көршілерден, тым алыс жақтарыңнан,
Қарақалпақ, қырғыздан, Қап тауыңнан,
Еуропадан, басқа да ендіктерден,
Бірінен соң бірі көш ақтарылған.

Көктемдерде, жаз-күзде, қыс-ақпанда,
Поездарда, машина, ұшақтарда,
Алып ұшып, алыстан ағайын кеп,
Еніп кетіп жатады құшақтарға.

Шетте жүру адамға батады анық,
Көңіл дәйім тұратын қапаланып.
Жатқан тасын сүйеді атажұрттың,
Түскен бойдан көліктен жата қалып.

Қайта оралып жеткен соң думанды елге,
Көшкен сәтте бабалар буған белге,
Топырақты қастерлеп шешіп алып,
Қайта шашып, қосады туған жерге.

Қазақ болып кеткендей әлем біткен,
Көш келеді барлық ел, бар ендіктен.
Бақыттымын деп тұрар барша қазақ,
Туған елге сағынып әрең жеткен.

Қай жағыңа қарасаң көш келеді,
Көшпен бірге бауыр мен дос келеді.
Қарсы алып тұр Нұрсұлтан өзі бас боп,
Аталар мен бабалар өскен елі.


Қай жағыңа қарасаң көш келеді,
Осы көшті ел ұзақ тоқсан еді.
Қайта оралып қосылған үйіріне,
Қазақ көшін көңілім қош көреді.

***
Көш келеді,
Көшпенен ел келеді,
Ел келгенін естілер жөн көреді.
Қазағымның саны мен сапасы өссе,
Тереземді басқа елмен теңгереді.

Көш келеді,
Қазақтың көші келер,
Халқым солай дәуірдің көшіне ерер.
Туған жерден теремін несібе дер,
Туған елде көбейер, өсіп, өнер.

Көш келеді,
Сол көшпен қазақ келер,
Шетте жүрсе қиналар, азап көрер.

Қазақтығын жоғалтпай бүтін қалпы,
Қазақ көші қайтара өзі ап келер.


Ел бірлігі қажетін байқады олар,
Атажұртқа аңсаған қайтады олар,
Құшақ жая қарсы алған қандастарға,
Сағынышпен жан сырын айтады олар.

«Оралманым десеңіз оралманмын,
Топырағынан қазақтың жаралғанмын.
Зорлық көріп, жат жерге жол алғанмын,
Ел тәуелсіз болған соң оралғанмын.

Бауырласым десеңіз бауырласпын,
Талай елдің құмы мен тауын бастым.
Келмеген соң жат елге бауыр басқым,
Қайта оралдым, қайтадан қауымдастым.

Туысқаным десеңіз туысқанмын,
Қуғын көріп, кезінде ығысқанмын.

Шет жүрсем де халқымнан суыспадым,
Қазақ болып қалуға тырысқанмын.

Отандасым десеңіз отандаспын,
Жанды бағып жат жерде жата алмаспын.
Қазақстан елінде бар қазақпен,
Аяғымды келеді қатар басқым.

Қандасымыз десеңіз қандасыңмын,
Әлегімен сандалдым сан ғасырдың.
Қазағымның жерінде ұрпақ өсіп,
Жалғасуын қалаймын жалғасымның.

Амалсыздан шетке ауған елік едім,
Сағынғанмын бөлекше сені елім.
Бағзы қоныс, бабамның жері дедім,
Өзіңді аңсап, атажұрт, келіп едім.

Өзендерім, көлдерім, бұлақтарым,
Өткізгенмін көп жылдар жырақта күн.
Қазақ туын жат жерде құлатпадым,
Тілін, салтын, сақтадым мұраттарын.

Адырларым, тауларым, құмдақтарым,
Жерсінбедім өзге елдің гүл бақтарын.
Сезесің бе жаныма мұң батқанын,
Ынтықтырып, сондықтан жырлатқаның.

Бетегелі белдерім, белестерім,
Шет жүрсем де үнемі сен есте едің.
Жер жаннаты Жетісу емес пе едің?
Түсіме еніп, көзіме елестедің.

Қалаларым, ауылым, далаларым,
Өзге жерде өсуді қаламадым.
Етегіңді, Қаратау, жағаладым,
Енді сенде өсемін, жаңарамын.

Борышты өтеу перзенттің жөні дейін,
Қызметіңе, қазағым, жегілейін.
Бір салаң боп, Есілім, өрілейін,
Бір шыңың боп, Алатау, көрінейін.


Ірге теуіп арқада тас қалаған,
Шапақ шашқан жап-жаңа Астанадан,
Қуаттанып, жаңаша бастау алам,
Керек емес ештеңе басқа маған.

Сәулелене көгіңнен қарап айың,
Тасты жарып өседі қарағайың.
Бауырға алған баласын анадайын,
Құшағыңды аш, атажұрт, паналайын».

Осылай деп шертеді сырын олар,
Ұмытқандай қайғы мен мұңын олар.
Атажұртқа аман-сау қосылғанын,
Бақытым деп біледі бүгін олар.

Негіз қалап қазақтың бірлігіне,
Көш келеді ілесіп бір-біріне.
Араласып елімнің тірлігіне,
Қарсы алуда қуанып күнді міне.

Ауып көшіп, елінен әр себеппен,
Туған жерді көңілі аңсап өткен,
Бабалардың ұрпағы келе жатыр,
Қанша кеткен, белгісіз қанша жеткен.

Қайда жүрсе ардақтап қазақ атын,
Атажұртты аңсаған азаматым.
Көш келеді оралып туған елге,
Аталардың арқалап аманатын.

Ел бірлігін «Нұрлы көш» жадқа салар,
Шетте жүрген ен қазақ атқа қонар.
Егемендік егелеп тұрған шақта,
Қазақ көшін күш жоқ еш тоқтата алар.

Бабалардың сүрлеуін шаң басады,
Ұрпақ өсіп, жаңадан жолды ашады.
Қилы-қилы заманнан аман өткен,
Қазақ көші тоқтаусыз жалғасады.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Ұлттық құндылықтар
Күні 31.05.2026