Асыға аққан бұлақтар,

Өмір туралы

Асыға аққан бұлақтар, Мекенің қайсы тұрақтар?! Ойыңда қанша мұрат бар?! Бойыңда қанша қуат бар?! Асыға аққан бұлақтар. ...

Асыға аққан бұлақтар,
Мекенің қайсы тұрақтар?!
Ойыңда қанша мұрат бар?!
Бойыңда қанша қуат бар?!
Асыға аққан бұлақтар.

Қияны кешіп өттің бе?
Теңізге барып жеттің бе?
Жолыңды кесіп бетбақ құм,
Тереңге сіңіп кеттің бе?

Өмірге қанша нәр бердің?
Көңілге қанша сән бердің?
Сен аққан жерге гүл өсті,
Силадың қуат, әл бердің.

Тілдестің бе сен даламмен?
Үндестің бе сен ғаламмен?
Бұлқына аққан бал бұлақ,
Сыртыңнан қарап қалам мен.

Көркейтіп мына өмірді,
Басып ең шаңқан шөлімді.
Тілеймін ешкім, ешқашан,
Бөгемесе деп жолыңды.

Ойыңда талай мұрат бар,
Бойыңда ағын қуат бар,
Жете көр жетер жеріңе,
Асыға аққан бұлақтар.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Өмір туралы
Күні 31.05.2026