Астана

Отан туралы

Саған қарап түзейді уақыттарын, Саған қарап сезеді бақыттарын. Сенен тарап нұр-шапақ бар еліме, Арайланып тұрады атып та...

Саған қарап түзейді уақыттарын,
Саған қарап сезеді бақыттарын.
Сенен тарап нұр-шапақ бар еліме,
Арайланып тұрады атып таңым.

Саған қарап көреді кеңдігімді,
Саған қарап біледі ерлігімді.
Саған қарап аңғарып теңдігімді,
Байқайды әлем егемен елдігімді.

Саған қарап қабағым күліп менің,
Саған қарап мақтанып ұлық төрім.
Саған қарап асқақтап армандарым,
Саған қарап оянар үміттерім.

Саған қарап себелеп ғарыш нұрын,
Саған қарап сезілер табыс бүгін.
Саған қарап білінер алыптығым,
Саған қарап байқалар Барыстығым.

Ортасысың жақсылық, жаңалықтың,
Ордасысың данышпан, даналықтың.
Өзің жасап саясат, заңдарды да,
Жаңа хабар таратар жаңарып күн.

Тәуелсіздік туысың, тірегісің,
Тыңға салған халқымның түренісің.
Бүкіл елдің үміті, тілегісің,
Қан тамырын соқтырар жүрегісің.

Асылында Азия кіндігісің,
Берекесі халқымның бірлігісің.
Бар әлемге паш етер мықтылығын,
Сен бүгінгі қазақтың шындығысың.

Саған қарап көз тігер байтақ елім,
Сен арқылы түлеуім қайта менің.
Өркендей бер халқымның бақытына,
Мақтанышым-Астана-Бәйтерегім.
Автор Қайыпназар Шотбасов
Бөлім Отан туралы
Күні 31.05.2026